Қала бюджеті - қатаң бақылауда

Кеше Тараз қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясының бірлескен отырысы өтті. Мәслихаттың экономика, бюджет және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Дүйсенкүл Керімбаеваның төрағалығымен өткен жиында облыс орталығы бойынша 2024 жылғы бюджеттің игерілу барысы талқыға түсті. Басқосуға өңірлік тексеру комиссиясының мүшесі Ермек Қарабаев, қала әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова, қалалық мәслихаттың депутаттары мен мекеме, бөлім басшылары қатысты. Отырыстың күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Гүлдана Әлімжанқызы баяндама жасап, өткен жылдың қорытындысымен көне шаһар бюджетінің атқарылуы туралы есеп берді. Ол өз сөзінде қала бюджетінің кіріс бөлігінің жоспары 83,3 миллиард теңгеге орындалғанын жеткізді. Сондай-ақ бекітілген түсімдер жоспарына сәйкес, жоғары тұрған бюджеттен 36,7 миллиард теңге көлемінде трансферттер бөлінгенін атап өтті.