Тұрғындардың қауіпсіздігі тұрақты назарда

Кеше Меркі ауданында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов және құқық қорғау саласының өкілдері «Заң және тәртіп» қағидаты аясында тұрғындармен кездесу өткізді. Шараға Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Жанаев, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары және орынбасарлары, колледж студенттері, белсенді жастар, түрлі сала мамандары мен аудан тұрғындары қатысты.
Жиынды ашқан Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды тілге тиек етті. Ал облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы баяндама жасап, Меркі ауданындағы ахуалға тоқталды.
Жиын барысында полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Жанаев жастар арасындағы құқықбұзушылық бойынша баяндама жасап, арнайы бейнероликтер көрсетті. «Облыс әкімінің қатысуымен өткен мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік мәселелері бойынша кездесуде инватакси қызметінің жетіспеушілігі туралы мәселе көтерілді. Меркі ауданында бұл қызмет бар болғанымен, оның көлемі жеткіліксіз.
Бұл мәселе жергілікті бюджетпен тікелей байланысты. 24 сәуірде облыс әкімдігі мен басқармаларға арнайы ұсыныс берілді», – деді Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев. Жиынды қорытындылаған Серік Сәлемов алдағы уақытта облыстың барлық аудандарында осындай шаралар жалғасатынын жеткізді.
Бақытжан БЕКБОЛАТ,
журналист.