Кадрлық әлеуетті арттыру - тұрақты дамудың кепілі

Ел Президентінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының бесінші бөлімі еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру мәселесіне арналған болатын. Өйткені кез келген мемлекеттің ілгері дамуына адам факторын белсенді ету негізінде қоғамның кадрлық әлеуетін қалыптастыру тікелей әсер етеді. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірлік кадр саясаты бағытындағы жұмыстар сараланды.
Жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов облыста қалыптасқан кадрлық ахуалға тоқталып өтті. Департамент басшысының сөзінше, бүгінде елімізде үш мыңға жуық, аймақта 121 тұрақты бос лауазым бар.
Өткен жылмен салыстырғанда ұзақ мерзім бойы бос тұрған лауазымдардың саны 2,8 есе өскендігін атап өткен департамент басшысы аудандық және ауылдық деңгейдегі бос лауазымдарға сәйкес келетін жоғары оқу орындарының түлектерін конкурссыз орналастыру жұмыстарын жандандыруды ұсынды. Сондай-ақ ол Өңірлік кадр резервіндегі жастарды жұмыспен қамту мәселесі туралы айтып өтті. Еске сала кетейік, өткен жылы Өңірлік кадр резервіне 26 жас іріктеліп алынып, бүгінгі күнге дейін олардың 7-і түрлі қызметтерге орналасқан. Қазіргі таңда облыста резервшілердің біліктілік талаптарына сәйкес келетін 42 бос лауазым болса, олардың 16-сы басшы лауазымдар санатында.
Жиында облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев бос лауазымдарға кадр тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның сөзінше, есепті кезеңде 92 бос лауазымға 60 ішкі және жалпы конкурс тәуелсіз бақылаушылардың қатысуымен өткен. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға кадр саясатын күшейтіп, тиісті лауазым орындарын жедел толықтыруды тапсырды.
Сонымен қатар аймақ басшысы Өңірлік кадр резерві мүшелерін лауазымдарға тағайындау, аудандық және ауылдық деңгейдегі бос лауазымдарға жоғары оқу орындарының түлектерін конкурссыз орналастыру және өзге де мәселелер бойынша жұмысты жандандыруды талап етті. Бұдан бөлек аппараттық кеңесте облыс әкімінің Меркі ауданы тұрғындарымен кездесуде және жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалу барысы сараланды.
Нұрболат АМАНБЕК