Көне аспапты көремін деушілер көп

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деп ақын Қадыр Мырзалы бекер айтпаса керек. Себебі қазақ пен домбыраның егіз ұғымға айналып кеткеніне талай ғасырлар өткені анық. Қазақ шеберлерінің арасында домбыраның түрі де, жасау тәсілі де көп. Ғалымдардың айтуынша, домбыраның 20-дан астам түрлері бар екен. Бұл аспаптың көне түрлері туралы да деректер аз емес.
Сол көне домбыралардың бірі – Сарысу аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейінде тұр. Ықылас Дүкенұлының бірегей шәкірті, Сарысу ауданының тумасы Досжан Кенжебаевтың қолына ұстаған, жанына серік еткен домбырасы. Бұл көне аспап XIX-XX ғасырларда жасалған.
Домбыраны өнерпаздың қызы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Алтын Досжанова аудандық музейге 2013 жылдың 5 мамырында өткізген екен.
Екі ғасыр халыққа қызмет етіп, қазір музей жәдігеріне айналған домбыраны тамашалап, тарихын сұрайтындар аз емес.
Есет ДОСАЛЫ
Сарысу ауданы.