Әлеумет

Сәлем салған келіннің бағы артады

The final spritzer

Халықтың тұрмыстық салт-дәстүрлері өмірлік тәжірибеден алынып, сан жылдар бойы сұрыпталып қалыптасады. Сондай салттың бірі – келіндердің қайын жұртындағы жасы үлкендерге иіліп сәлем салуы. Бұл үлкенге құрмет көсерткен сыйластықты білдіреді. Әрі жаңа ортаға жас келіннің сіңісуі үшін де үлкен септігін тигізеді. Себебі, келін иіліп сәлем салғанда үлкендер «Бақытты бол, айналайын!», «Өркенің өссін, келінжан!» дегендей жанға жылы тиіп, бауырына тартатын ыстық лебізімен әулетке жаңадан келген жастың сіңісуіне бастамашы болады.

Міне, осындай мағынасы терең, әдемі салтымызға кереғар пікір айтып жүргендер бар. Бұдан бұрын діни теріс ағымның түсінігіндегі кейбіреулер келіннің сәлем салуын Жаратқанға серік қосумен шатастырған еді. Ал, жақында белгілі продюсер Баян Алагөзова бұл салтты жабайылыққа балады. Әлеуметтік желіде көптің тартысты пікірін тудырған Алагөзованың жөнсіз сөзінен салтымыздың жоғалмасы анық. Себебі, халық барда ұлттық құндылықтар жалғасын таба бермек.

Осыдан бірнеше жыл бұрын сәлем салуға қатысты ой түйгізген сәтке куә болғанмын. Кезекті бір ресми жиында отырғанбыз. Кенет есіктен марқұм Дәметкен Ахметова залға кірді. Сол кезде Тараз қалалық мәслихаттың депутаттық қызметін атқарып жүрген Эльмира Мырза Ғали төрде отырған орнынан ұшып тұрып, есіктен енді енген Дәметкен Ахметованың алдына барып, иіліп, қазақы салтпен сәлем салды. Сол бір сәт әдемі жарасымдылығымен ерекше есте қалды.

Міне, нағыз сыйластық, саяси ұйымның ресми жиналысы болса да қызметінен ұлтының ғұрпын жоғары қойған көрегенділікті көрдік. Содан бері қаншама жыл өтсе де инабатты келіннен осы дәстүр туралы пікірін сұрағанды жөн көрдік.

Халықтың салт-дәстүрін насихаттаушы, жазушы, көпшілікке Бауыржан Момышұлының келіні ретінде таныс Зейнеп Ахметова да сәлем салу салтына қатысты тұщымды ой айтқан.– Сәлемдесудің түрі көп. Әр сәлемнің өз үлгісі мен ерекшелігі бар. Соның бірі – келін сәлемі.

Келін сәлемінің мәні зор, мағынасы терең. Өз үйінен кетіп, түскен босағасына бірінші рет кіргенде келін шаңыраққа үш қайтара сәлем салған. Жас келіннің екі жағында екі жеңгесі, яғни сол шаңырақтың бұған дейінгі түскен келіндері үлкендерге иіліп сәлем салғызған. Қайын енесі мен абысындары жас келінге әулеттегі үлкен адамдарды таныстырып, сәлем салуды ескертіп, олардың алдынан кесіп өтпеуді қадағалап отырған. Білмегенін үйретіп, қамқорлық танытып жүрген.

Үлкенге иіліп сәлем салу арқылы «Көп жаса!», «Бақытты бол, айналайын!» деген тәрізді ақ бата, жақсы сөз, игі тілек естіген келіннің бағы артады, алдынан кесіп өтпей, бетіне бедірейіп қарамай, сәлем салған келінге үлкендер жағы да риза болады. Сол кішкене сәлемнің өзі сыйластық қарым-қатынасқа бастар үлкен жол емес пе?! Келін сәлеміне қатысты тағы мынадай жайларды баса айтқым келеді.

Ата-бабаларымыз аяғы ауыр келінді сәлем салудан уақытша босатқан. Көп жағдайда қайын ағалары екіқабат келіндерінің алдынан өтпеуге тырысқан. Себебі келінді ыңғайсыз жағдайға қалдырып, ұялтпауды ойласа, екіншіден, мұндай кезде келінге келін деп емес, болашақ ана деп қарап, құрмет көрсеткен. Оның аяғы ауырлығын «пәленшенің келіні ақ алғысты болыпты» деп жеткізген екен. Күйеуі қайтыс болған жағдайда сәлем салудан үлкендер жағы келінді біржола босатқан.

Міне, осындай астарлы ой, терең мағыналы пікірлерден кейін Алагөзованың «Маған ешқашан да ер адамға бас ию дегенді үйреткен емес. Алматыға барғанымда Шымкенттен келген қыздардың үнемі иіліп, сәлем салуы мен үшін өте жабайылық болды» дегенінің өзі көргенсіздікті байқатады. Себебі, Жаратушының өзі Адам ата мен Хауа ананы жаратқаннан бері ер адамды әйелден бір саты жоғары қойып, есесіне қыз баласын нәзіктігімен, жолының жіңішкелігімен сыйлы етті.

Ер адамды бір саты жоғары қоюмен оған елі мен отбасының амандығын қорғауды, оларды асырауды міндеттеді. Қыз баласын төрге оздырып сыйлы етумен оған өзге жұртқа барып, өрісін кеңейту, ұрпақ жалғау жауапкершілігін артты. Халқымыздың әрбір салтының шығу түбінде осындай ұлағат бар.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА