«Батыс Еуропа – Батыс Қытай»
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай»
Ежелгі «Жібек жолының» қайта жаңғырған нұсқасы
Тарихи деректер біздің дәуірімізге дейінгі 361-328 жылдар аралығында Қытайдағы жеті патшалықтың бірі – Цинь елінде жүргізілген, кейін біртұтас Қытай мемлекетінің құрылуына ұстын-тірек болған Шан-Янь реформасының елдегі билік жүйесінің орталықтандырылуына және қолөнер мен ауыл шаруашылығы өндірісінің өрлеуіне ұйытқы болып, нәтижесінде қытайлықтардың орасан зор мөлшерде өндірілген фарфорды, тұзды, жібекті, жоғары сапалы темірді және темірден жасалған бұйымдарды сырт елдерге шығаруына мүмкіндік туғызғандығын, сауда керуендерінің қытайлық өтімді тауарларды Жоңғар жазығы, Тұрфан ойысы, Тарым аңғары, Ферғана алабы және Шу, Талас оазистері арқылы Иранға, Үндістанға, Иракқа, Парфияға, Римге тасымалдап жеткізе бастағандығын және керісінше Қытайға жүзім өнімдерін, бұршақ дақылдарын, гранат, шафран, жаңғақ ағашын, әйнек, тәтті тағамдар, косметикалық бұйымдар, асыл тастар және құлдар әкелуді жолға қойғандығын айғақтайды. Әрі бұл тенденцияның кезінде Шығыс пен Батыстың аралығындағы алтын көпір болған ежелгі Жібек жолының жандануына және оның бойында тек ежелгі қазақ жерінің өзінде ғана экономикасы дамып-өркендеген 240-қа тарта қаланың бой көтеруіне, олардың қашан Шығыс Азиядан Еуропаға апаратын теңіз жолы ашылғанға дейін мың жарым жылдай уақыт бойы гүлденіп-көркеюіне де ықпал еткендігі белгілі.
Тарих қойнауында қалған сол игі үрдісті қайта жандандыру мүмкіндіктері белгілі реформатор, данышпан Дэн Сяопин Қытайдың билік тізгінін қолына ұстап, аспан асты елі «қытайлық ерекшелікке ие социализм жолы» бағытын бағдар тұтқалы бері қайта туындағандай. Олай болатыны, экономиканы дамытудағы, әлеуметтік мәселелердің шешімін табудағы Қытайдың соңғы отыз жылдан астам уақыттан бергі аралықтағы өзіндік ұстанымы елдің жалпы ішкі өнімінің деңгейі жағынан оның әлем мемлекеттері арасында алдыңғы орындардың бірінен көрінуіне ықпалын тигізуде. Ал ішкі Қытайда өндірілген өнім сапасының жоғарылығы, бағасының Еуроодақ, Араб, Таяу Шығыс, Африка және ТМД елдерінде шығарылатын тауарлардан әлденеше есе арзандығы аталған аумақтарда оған деген сұраныстың күрт артуына себепші болуда. Осыны ескерген Қытай Халық Республикасының қазіргі төрағасы Си Цзинпин бастаған ел басшылығы соңғы жылдардың бедерінде мұхит, теңіз сияқты су жолдарымен қоса Еуразия кеңістігін басып өтетін құрлықтағы жол тораптарын да қамтитын, жобалық-сметалық құны 1 триллион АҚШ долларын құрайтын, толық қуатында іске асырылғанда Еуропа елдерімен арадағы жылдық тауар айналымының мөлшерін 1 триллион долларға дейін жеткізуге мүмкіндік беретін кең ауқымды «Жаңа Жібек жолы» алып жобасын жүзеге асыруға батыл кірісіп те кетті. Ал қай уақытта да болсын, халықаралық қауымдастықтағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға септесетін қадамдарды тамыршыдай дөп басып, дұрыс шешім қабылдайтын Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл мүмкіндікті қалт жіберген жоқ. Бүгінде, күншығыстағы көршіміздің ғаламат алып жобасына кірігіп, оны Қазақстанның мүддесіне тиімді пайдалану үшін еліміз жеделдетіп құрылысын жүргізіп жатқан республикамыздың батыс және шығыс аймақтарының аралығын жалғайтын транзиттік темір жолдар желісі, мультимодальдық режімде жұмыс істейтін «құрғақ порт» және «Қорғас-Шығыс қақпасы» мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» секілді ірі мегажобалар, ең алдымен елдің қамын ойлайтын және ел келешегіне қатысты игілікті мәселелерді алыстан шалып пайымдайтын Мемлекет басшысының сол көрегендік саясатының жемісі болып табылады. Әрі өткен жылғы қараша айының 11-і күні жариялаған, барша қазақстандықтарға арналған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың аталған нысандарға айрықша тоқталып, мән беруінің өзі-ақ, жүзеге асырыла бастаған, кейбірі аяқталуға жақын мегажобалардың Қазақстанның кемел келешегі үшін қаншалықты маңызы бар екендігін көрсетсе керек.
Тиімділігі теңдессіз мегажоба
Елбасының бастамасымен жобаланып, қолға алынған «Жаңа Жібек жолының» ел аумағындағы «Қазақстан темір жолы» ҰК-ның базасында құрылған әлемдік деңгейдегі мультимодальдық көлік-логистикалық компаниясы, Қытай Халық Республикасымен арадағы шекарада құрылысы басталған халықаралық «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығы, «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аумағы, «Ақтау» теңіз айлағы және Алматы, Ақтөбе, Ақтау қалаларындағы «А» санаттағы көпфункциялы логистикалық орталықтар сияқты негізгі құрамдас бөліктеріне Қытайдағы Ляньюньган портынан басталып, Шығыс Түркістанды және Қазақстанның Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облыстарының аумағын, Ресейдің Башқұртстан, Татарстан республикалары мен Орынбор және Нижний Новгород облысын көктей өтіп, Санкт-Петербург қаласындағы Луга портына барып табан тірейтін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трансқұрлықтық дәлізі де жатады. Жалпы ұзындығы 8445 километрді құрайтын, басым бөлігі төрт, ал кей жерлерінде алты жолақты, жоғары жылдамдыққа негізделген халықаралық транзиттік жолдың 3425 километрі – Қытай Халық Республикасының, 2787 километрі – Қазақстан Республикасының, 2233 километрі – Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтетін болады. Қазіргі заманғы әлемдік стандарттар талаптарына сай салынып жатқан автобанның қытайлық және қазақстандық бөліктерінің құрылысы 2015-2016 жылдары, Ресей аумағындағысы 2019-2020 жылдары аяқталады деп күтілуде. Халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының Қазақстан Республикасы аумағы арқылы өтетін бөлігінің құрылысына қажетті 825,2 миллиард теңге мөлшеріндегі қаражаттың 50 пайыздан астамы «Концессияның» және «РБ», «ХДҚБ», «АДБ», «ИДБ», «ЕДҚБ», «ЯАМС» сияқты халықаралық қаржы институттарының есебінен қаржыландырылуда. Мемлекет басшысының Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Душанбе саммитінде сөйлеген сөзінде атап көрсеткеніндей «Қытай-Қазақстан», «Қытай-Орта Азия», «Қытай-Ресей-Батыс Еуропа» сынды негізгі үш бағытпен жүк тасымалын қамтамасыз ететін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автобанының бойында әлемдік стандарттарға толық сай келетін инфрақұрылым қалыптастыру ісі де діттелінуде. Ол үшін трансқұрлықтық дәліздің қазақстандық бөлігінің бойында 725 сервис түрлері, одан бөлек 50-ге тарта толық инфрақұрылымы бар кешенді сервистік орталықтар және ерсілі-қарсылы ағылған жолаушыларға қызмет көрсететін 125 типтік демалыс алаңы мен басқа да сервистік орындар, кедендік инфрақұрылымдар салынбақшы. Бұл – өз кезегінде транзиттік дәліз өтетін республикамыздың бес облысының аумағында қосымша ондаған мың жаңа жұмыс орнын ашуға, жергілікті бюджетке түсетін салық және өзге де төлемдерді еселеп арттыруға мүмкіндік беретін болады. Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық қауымдастықтарға қарасты статистикалық институттардың мәліметтері бойынша, қазіргі таңда Қытай Халық Республикасының Дунбэй, Хуабей жағалауларындағы, Шаньдун, Цзянсу, Чжэцзян, Фуцзян, Гуандун, Гуаньси провинцияларындағы, орталықтың бағынысындағы Шанхай қаласындағы, Хайнань, Тайвань аралдарындағы және Гонконг, Макао арнайы әкімшілік аудандарындағы барлығы 60-тан астам теңіз порты мен ондаған ірі өзен порттарынан Еуропа елдеріне жылына 700 миллиард доллардың тауары жөнелтілуде. Әрі осынша мөлшердегі жүкті тасымалдап жеткізетін жүк сыйымдылығы жоғары теңіз кемелері баратын жерінің арақашықтығына қарай 45-60 күнді жол үстінде өткізетін көрінеді. Сондай-ақ, Қиыр Шығыстағы Амур өзенінің бойындағы Қытай Халық Республикасының Хэйхэ, Фуюань, Цзямусы секілді өзен және Ресейдің Тынық мұхит жағалауындағы Владивосток, Находка, Ванино сияқты теңіз порттарынан қытайлық тауарларды «Байкал-Амур» және «Транссибирь» магистральды теміржолдары арқылы Батыс Еуропа елдеріне жеткізуге де 15-16 күннен астам уақыт кетеді екен. Оның үстіне тасымалданатын жүкті порттарға жеткізуге, кемелерге немесе вагондарға тиеуге, апарған жерінде су жолы немесе темір жол көліктерінен түсіруге, содан соң темір жол және автомобиль даңғылдарымен тұтынушыларына жеткізіп беруге қажетті уақытты қосқанда, тауардың өндірушіден тұтынушыға жетуі үшін де қосымша қыруар уақыттың қарышталынатындығы белгілі. Ал, Қытай Халық Республикасының солтүстік аумағын, Қазақстанды және Ресейдің орталық аудандарын қақ жарып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі пайдалануға берілген кезде Қытайдан Еуропаға немесе кері бағытта жүк тасымалдауға жұмсалынатын уақыт небәрі 10-12 күннен аспайтын әрі экспортталынатын тауар оны ұсынушыдан тұтынушыға тікелей тасып жеткізілетін болады. Мұның өзі түптеп келгенде, 2020-2030 жылдар аралығында қазіргімен салыстырғанда біржарым есеге дейін ұлғаятын Қытай мен Еуропа елдері арасындағы тауар айналымының қаржыға шаққанда ең кемі 170 миллиард долларды құрайтын едәуір бөлігін жаңа халықаралық автобанмен тасымалдауға жол ашылатындығына және еліміздің Көлік, коммуникациялар және туризм министрлігінің болжап отырғанындай, жүк тасымалын жеделдетудің нәтижесі арқылы еліміздің жылына кемінде 86 миллиард теңге мөлшерінде экономикалық тиімділікке қол жеткізуіне қолайлы жағдай орнығатындығына сенім туғызады.
аумақтың әлеуетін арттыруға серпін әкеледі
Бүгінде, Еуразия кеңістігіндегі ондаған мемлекеттің сарапшылары келешегінен үлкен үміт күтіп, аймақтағы экономиканың дамып өркендеуіне айтарлықтай серпін әкелетіндігіне сенім артып отырған әлемдегі ең ірі автобандардың бірі – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің 495,3 километрі Жамбыл облысының аумағы арқылы өтетіндігі мәлім. Негізінен, өңірдегі Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандарының жерін басып өтетін халықаралық транзиттік дәліздің 374,9 километрі 1-інші техникалық санатқа, 120,4 километрі 2-нші техникалық санатқа сай төселінуде. Бұдан өзге автобанның өнебойында барлығы 22 көпір, 15 жол өткелі, 643 су құбыры, 11 жол айрығы салынуда. Жалпы, жобалық-сметалық құны 170,4 миллиард теңге тұратын ғасыр құрылысын «Азиялық» даму банкі, Ислам даму банкі және Жапонияның «Джайко» агенттігі секілді қаржы институттары қаржыландыруда. Аталған мегажобаның облыстағы бөлігін жүзеге асыруға жұмылған «Дженгиз Иншаат» АҚ, «Ақмола құрылыс материалдары» ЖШС, «КСС Е&С» филиалы сияқты мердігерлер мен жол пайдалану бөлімшелері құрылысын жүргізіп жатқан «Аксиома сервис» және «Құлагер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қарастырылған қаржының қазірге дейін 160 миллиард теңгеден астамын игеріп отыр. Мегажобаның жамбылдық бөлігінің құрылысын жүргізу барысында Қордай, Күйік, Шақпақ сияқты тау асуларын, Тараз қаласы мен Қордай, Меркі, Құлан, Айша бибі, Бауыржан Момышұлы, Шақпақ ата сияқты елді мекендерді айналып өту қарастырылып, жүзеге асырылуда. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылықты хабардар еткен «Қазақавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бұрынғы басшысы Ержан Жасыбаевтың айғақтауынша, жолдың қалған бөлігінің құрылысы биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Кезінде, Еуразия кеңістігінің шығысы мен батысын жалғастырып, екі аралықтағы ондаған елдің экономикалық тыныс-тіршілігінің күретамырына айналған ежелгі «Жібек жолы», осы керуен жолдары бойындағы өзге қалалар сияқты, Баласағұн, Меркі, Құлан, Тараз сынды көне кенттердің де гүлденіп-өркендеуіне ықпалын тигізгендігі белгілі. Сол сияқты, ХХI ғасырдың басты жобасы атанып отырған «Жаңа Жібек жолы» кешенді бағдарламасының құрамдас бөлігі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанының транзиттік дәліз басып өтетін республикамыздың өзге өңірлерімен қатар, Жамбыл облысы аумағында да жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуына, жол-сервистік қызметі, кедендік және терминалдар мен қоймаларға арналған инфрақұрылымдардың құрылуына байланысты өңірдегі жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне, тұрғындардың әл-ауқатының артуына септесетіндігі сөзсіз. Бұл ретте, Тараз, Қаратау, Жаңатас қалаларында «Казфосфат» ЖШС мен «Еврохимнің» бірқатар кәсіпорындарының пайдалануға берілгендігін және алдағы уақытта іске қосылатындығын, сондай-ақ, халықаралық автобан басып өтетін Қордай ауданының Благовещенск және Меркі ауданының Меркі ауылдарынан небәрі 60-100 километр қашықтықтағы Шу ауданының аумағында жылына 75 миллиард теңгенің әлемдік сұраныстағы фосфор химиясы өнімдерін өндіретін «Тараз химиялық паркі» кәсіпорындарының құрылысы басталғандығын айтсақ та жеткілікті. Оның үстіне облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Зейнел-Нәби Сұлтанбаевтың атап көрсеткеніндей, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің бойында инвестициялар тарту негізінде ұзын-ырғасы 84 тауарлы-сүт фермасы мен мал бордақылау алаңдарын салу көзделінуде. Бұдан бөлек облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың Елбасы Жолдауын талқылауға арналған облыс активі жиынында мәлім еткеніндей аталған автобанның бойында 2,4 миллиард теңге инвестиция тартуды қажет ететін, 160-тан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 8 сервистік кешеннің құрылысы үшін жер телімдері белгіленіп қойылған. Сондай-ақ, облыс әкімінің айтуынша сыртқы және ішкі туризм түрлері негізінде ұзын саны 85 мыңнан астам келуші облыс аумағы бойынша қолайлы қозғалу мүмкіндігіне ие болатын көрінеді. Мұның транзиттік дәліз өтетін облыс аудандарының аумақтарында ұлттық брендіміз болып табылатын қымыз бен шұбат сияқты ұлттық сусын түрлерін мол өндіруге мүмкіндік беретін жылқы және түйе шаруашылықтарын көптеп құруға да ықпал ететіндігі даусыз. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне» келер болсақ, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автобанының құрылысы аяқталып, іске қосылуы – Елбасының Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы шетелдік инвесторлардың 25-ші жалпы отырысында атап көрсеткеніндей, «Еліміздің өзінің тарихи рөлін қалпына келтіріп, Еуропа мен Азияның арасындағы өзіндік көпір ретінде Орта Азиядағы ірі іскерлік транзиттік хабына айналары әрі мұның өз кезегінде Қазақстанды халықаралық дәрежедегі сауда-көлік, қаржылық-іскерлік, инновациялық-технологиялық және туристік маңызды транзиттік дәліз ретінде қалыптастыратындығы» сөзсіз. Нәтижесінде, Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы 11 қарашадағы қазақстандықтарға арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылған ұлтымыздың ұлы бағдары болып табылатын «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы – Мәңгілік ел идеясының өмірде жүзеге асатын сәтін жақындатып, Қазақстанның әлемдегі өркениетті 30 елдің қатарына қосылуына деген сенімді нығайта түсері анық.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Елбасы көрегендігінің жемісі