Телефоныңызға балаңыздың тамақтанғаны жөнінде хабарлама келеді

Өткен жылдан бастап Қазақстан мектептерінде «Әлеуметтік әмиян» атты жаңа цифрлық жүйе сынақтан өтуде. Бұл жүйе 5-11 сыныптарда әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына берілетін тегін ыстық тамақтың әділ әрі ашық түрде таратылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – ата-аналардан ешқандай қағаз құжат жинаудың қажеті жоқ. Қолдау алу құқығы мемлекеттік деректер базасы арқылы автоматты түрде анықталады.
«Әлеуметтік әмиян» цифрлық шешімі мемлекеттік қолдауды алдын ала өзі анықтап, автоматты түрде көрсетіп қана қоймай, оқушының тиесілі тамақты алғанына нақты көз жеткізуге мүмкіндік береді. Жүйе ата аналарға ешқандай қағаз құжат өткізбей, баласының тегін тамақтануға құқығы бар екендігі туралы хабарлама жібереді. Ата ана келісімін берген жағдайда, отбасыға автоматты түрде цифрлық тамақтану ваучері құрылады. Бұл ваучерді ата-ана eGov mobile қосымшасы арқылы іске қосады. Оқушы мектеп асханасында арнайы сәйкестендіру әдістері – QR-код, карта немесе Face ID арқылы ыстық тамақ алады.
Осыдан кейін ата-ананың телефонына баласының мектепте тамақтанғаны жөнінде хабарлама жіберіледі. Жүйеде кері байланыс функциясы да қарастырылған – ата-ана берілген тағамның сапасына баға бере алады. Ал айдың соңында көрсетілген нақты қызметтер негізінде автоматты түрде орындалған жұмыстар актісі жасалып, жеткізушіге тек нақты қызметтер үшін төлем жүргізіледі.
Қазіргі таңда «Әлеуметтік әмиян» жүйесі пилоттық режимде 20 мектепте сынақтан өтуде, оның 10-ы Астана қаласында, қалған 10-ы Қостанай облысында. Пилоттық жоба технологияны нақты жағдайда тексеруге, ата аналар, мұғалімдер мен жеткізушілерден кері байланыс алуға, сондай-ақ болашақта жүйені кең көлемде енгізуге дайындық жүргізуге мүмкіндік береді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметіне сүйенсек, пилоттық кезеңнің нәтижелеріне қарай, жүйені 1-4 сынып оқушыларына да кезең-кезеңмен енгізу жоспарланып отыр.
Бұл шешім білім беру саласындағы барлық жас топтары үшін тамақтану үдерісін бірізді етіп, мемлекеттік қолдаудың ашықтығы мен әділеттілігін күшейтпек. Соның нәтижесінде мемлекеттік көмектің нақты қажет адамдарға жетуі, қызмет көрсету барысының ашықтығы мен ата-аналар үшін ыңғайлы бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етіліп, мектеп әкімшілігінің жұмысын жеңілдету, жеткізушілер үшін әділ төлем кепілдігі қалыптастырылмақ.
Нұрболат АМАНБЕК