Аймақ

Газға тез қосылуға көмектесетін ЖИ-Агент жұмысын бастамақ

The final spritzer

Бүгінде жаңа технологиялар еліміздің барлық саласына еніп келеді. Аталған бағыттағы жұмыстар газ саласында да жалғасын тауып отыр. Мәселен, өткен аптада Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесі қаралды. Жиында аталған салаға қатысты ірі жобалар мен әлеуметтік бастамалардан бөлек, цифрлық шешімдер қарастырылды.

РӘСІМДЕРДІ ЖЕДЕЛДЕТУ ҮШІН АҚЫЛДЫ КӨМЕКШІ ҚҰРЫЛАДЫ

Қазақстандықтарға газға қосылуға тез және дұрыс өтінім беруге көмектесетін жаңа ЖИ агент іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Қаныш Төлеушин атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, бұл қателердің санын қолданыстағы 30 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетеді және техникалық шарттарды алуды жеделдетеді.

Жобаны 2025-2026 жылдары іске асыру жоспарланып отыр. Жоба 2,3 миллионнан астам қазақстандықты қамтиды. Қазіргі уақытта газ саласында мемлекеттік қызметтердің 74 түрі ұсынылады. Олардың барлығы азаматтар мен бизнеске ыңғайлы болу үшін толық цифрландырылған.

ТЕХНИКАЛЫҚ ШАРТТАРДЫ АЛУ ОНЛАЙН ФОРМАТҚА АУЫСТЫРЫЛДЫ

Үкімет отырысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов газға қосылуға техникалық шарттарды алудың жаңартылған процесін таныстырды.

Бұрын техникалық шарттарды алу процесі күрделі әрі құжаттарды жинау қол жұмысымен жүргізілген болса, ендігіде бұл қызмет онлайн режимінде Е-Gov mobile қосымшасында қолжетімді. Онда құжаттар автоматты түрде мемлекеттік деректер базасынан жүктеледі. Санжар Жаркешовтің сөзінше, жыл сайын 100 мыңнан астам техникалық шарттар беріледі.

Өтініш беру уақыты 2 сағаттан 10 минутқа дейін қысқарды. Қазірдің өзінде техникалық шарттардың 49 пайызы онлайн режимінде беріледі. Сондай-ақ болашақта техникалық шарттарды беру бойынша шешімдер қабылдау үшін ЖИ пайдалану, Е-Gov арқылы заңды тұлғаларға қызмет көрсету және техникалық шарттарды онлайн беру үлесін 100 пайызға дейін арттыру жоспарлануда.

ӘЛЕУМЕТТІК ОСАЛ ТОПТАҒЫЛАР ҮШІН ЖЕҢІЛДІКТЕР АРТҚАН

Сонымен бірге жиында Санжар Серікбайұлы «Әлеуметтік әмиян» цифрлық құралы арқылы табиғи газға жеңілдіктер беру жөніндегі пилоттық жобаның нәтижелерін таныстырды.

Осы міндеттерді шешу үшін Шымкентте «Әлеуметтік әмиян» арқылы газға жеңілдік берудің пилоттық жобасы іске қосылды. Қызметті 2,5 мыңнан астам отбасы пайдаланды, ұсынылған жеңілдіктердің жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асуы мүмкін.

«Әлеуметтік әмиян» арқылы жеңілдікті пайдаланған әлеуметтік көмек және тұрғын үй көмегін алатын тұтынушылар үлесі 36 пайызға жетті. Осылайша, пилоттық жоба сәтті аяқталған жағдайда оны бүкіл елімізге кеңейту жоспарлануда. Бұл халықтың әлеуметтік тұрғыда қанағаттану деңгейін арттыруға және газды ұқыпты тұтынуды ынталандыруға мүмкіндік береді.

КӨГІЛДІР ОТЫНДЫ ТҰТЫНУДА КӨЛЕҢКЕЛІ ІСТІ АЗАЙТУ ТАПСЫРЫЛДЫ

Үкімет отырысы барысында Премьер-министр цифрлық шешімдерді енгізу арқылы шығындарды азайтып, газ тұтыну жүйесінің ашықтығы мен басқарылуын арттыруды тапсырды.

Осы бағытта Премьер-министр «QazaqGaz» компаниясына Энергетика министрлігімен бірлесіп, 2026 жылғы 1 тамызға дейін тауарлық газды өндіруден бастап тұтыну тізбегінде цифрлық есепке алуды қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар сұйытылған мұнай газын қадағалау өзектендірілді.

Айта кетейік, бүгінде «Astana Hub» газ саласы үшін 14 жаңа жобаны іске асыруда. Олардың ішінде ЖИ-аналитикасы бар виртуалды кен орындарының тренажерлері, компрессорларды бақылау жүйелері, инспекцияға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттары және бизнес-процестерді автоматтандыру платформалары бар. Өткен жылы аталған салада жалпы кіріс 1,2 миллиард теңге болса, цифрлық жобаларды енгізу басталғалы бері 3,8 миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар 100-ге жуық жұмыс орны ашылды.

 

Нұрболат АМАНБЕК