Сот орындаушыларына сенім неге азайды?

Елімізде жеке сот орындаушыларына қатысты азаматтардың шағымы екі есеге артқан. Жұрт көбіне құқықтарының бұзылатынына, қаражаттың кеш аударылатынына, сот орындаушыларының әрекетсіздігіне наразы. Әділет министрлігінің мәліметінше, былтыр осы қызметке байланысты 89 мыңнан аса шағым түскен.
Естеріңізде болса, үш жыл бұрын сот орындаушыларының реттеу мәселесі Парламентте көтерілген еді. Десе де, содан бері ештеңе өзгермеген секілді. Жуырда аталған мәселе Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жан жақты талқыланды.
«Қазақстандағы жеке сот орындаушылары институтының проблемалары мен даму перспективалары» тақырыбына арналған жиында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева елді елең еткізер мәлімет жариялады. Оның айтуынша, былтырғы жылы прокурорлар борышкерлердің алименттерді, жалақыны және мемлекет пайдасына сомаларды орындаудан жалтаруының 6 210 фактісін анықтаған.
Алайда мұндай істер бойынша сот орындаушысы борышкерді іздеуге асықпай, әңгімелесуге шақырмайды екен. Тіпті мүлік пен ақшаны өндіріп алу үшін тексеру және іздеу бойынша шаралар қабылдамай, тыйым салуды уақытылы қолданбайды.
Атап өту керек, өткен жылы жеке сот орындаушыларының әрекетіне байланысты соттарға 8 782 әкімшілік арыз түскен. Нәтижесінде 2 531 сот шешімі шыққан. Жалпы, бұл сандар көптеген жағдайларда сот орындаушылары мәселені сотқа жеткізбеуі мүмкін екенін көрсетіп қана қоймай, әрбір екінші жағдайда борышкердің немесе өндіріп алушының құқықтары бұзылғанын растайды.
Шын мәнінде, жеке сот орындаушыларының жұмысы үшін сыйақы өндіріп алынған соманың 25 пайызынан 3 пайызына дейінгі мөлшерін құрайды. Егер борыш сомасы 60 айлық есептік көрсеткіштен аз болса, сот орындаушысына 25 пайызы төленеді. Алайда халық қалаулысы «көптеген адамдар жеке сот орындаушыларының қызметтеріне ақы төлеу – оларды орындау үшін қабылданған шараларға сәйкес келмейтінін әділетсіз деп санайды», дейді.
Рас, сот орындаушылары өз шоттарында өндіріп алушыларға берілуі тиіс қомақты ақша сомаларын жинақтайды. Десе де, кейбір сот орындаушылар ақша аударуға асықпай, өндіріп алушының ақшасын толығымен иемденіп алуға құмар. Мәселен, Астанада сот орындаушысы бір жыл бойы алиментті ұрлап отырған және баланың анасына аударудың орнына өзінің жақын адамына 1 миллион теңгеге жуық ақшаны аударған. Естеріңізде болса, Бас прокуратура 2022 жылы жеке сот орындаушыларының борышкерлерден 1 жылда 1 миллиард теңге жымқырғанын хабарлады. Құзырлы орган ақша ұрлауға қатысты фактілер Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында ақша ұрлауға қатысты 660 факті анықталғанын айтты. Осы ретте заңгерлер «жеке сот орындаушыларының құқығын қайта қарау қажет, олардың жауапкершілігін күшейту керек» деген пікірде. Олардың сөзінше, шотты бұғаттамас бұрын борышкерге қарыз туралы хабарлама жіберіп және оны көргенін анықтауды міндеттеу керек.
Қорыта айтқанда, атқарушылық іс жүргізу тараптары құқықтарының бұзылуына жол бермеу, сондай-ақ атқарушылық құжаттардың жекелеген санаттары бойынша (мемлекеттен өндіріп алу, талап қоюды қамтамасыз ету туралы сот ұйғарымы және басқалар) оңайлатылған іс жүргізуді қолдануды кеңейту үшін жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілігін күшейту қажет секілді.
Сондай-ақ жеке сот орындаушыларының кәсіби кадр құрамын күшейту мақсатында аттестаттаудан және тағылымдамадан өтпей, жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына лицензия алатын тұлғалардың тізімін қысқартқан дұрыс. Өйткені тәжірибесі жоқ және біліктілігі төмен сот орындаушылары – азаматтардың құқықтарының бұзылуының басты себепкерлері.
Есен ӨТЕУЛІ