Шетел азаматының бізде білім алғаны – зор табыс

Жоғары білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеу және мамандарды озық даярлау тетіктерін жетілдіру аса маңызды. Осы мақсатта Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының жалпы жиналысы өткен болатын. Бұл жиын еліміздің білім беру жүйесін жаңғырту, цифрландыру және ғылыми инновациялық әлеуетін арттыру аясында ұйымдастырылды. Басқосу Қазақстанның техникалық, аграрлық және инженерлік бағыттағы кадр саясатын қайта қарау қажеттілігін алға тартады.
Жиынның күн тәртібінде жоғары білімнің ұлттық біліктілік жүйесіндегі орны, жасанды интеллект пен STEM бағыттарын білімге интеграциялау, ауыл шаруашылығы және инженерлік кадрлар даярлаудағы өзекті мәселелер қаралды. Сонымен қатар Ұлттық рейтинг және оны іске асырудың негізгі тәсілдері мен кезеңдері, жоғары білім мен еңбек нарығын интеграциялау мәселелері де қозғалды. Жалпы жиналысты жүргізген ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшанов жекеменшік оқу орындарын жинап, ұсыныстарын тыңдап, білім сапасын арттыру мақсатындағы жетінші кездесу Таразда өтіп отырғанын айтты.
Қазіргі уақытта біздің елде кәсіби жоғары білім алып жүрген шетелдіктердің пікірлері бейнеролик арқылы көрсетілді. Солардың ішінде ең жасы үлкені – Кадрие Ышыклы. Стамбулдан келіп, Түркістандағы оқу орнында туризм саласы бойынша білім алып жүрген ол 69 жаста. Оқуымен қоса қазақша тіл үйреніп, 3 айда мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатын деңгейге жеткен.
Жоғары оқу орындарының әлеуетін ұлттық экономиканың басым бағыттарымен ұштастыра отырып, жоғары білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұсыныстар қабылдауды көздеген жиында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков аталған оқу орнындағы озық жұмыстар жөнінде мәлімдеді.
Ректор ауыл шаруашылығына сапалы мамандарды даярлау үшін ғылыми-педагогикалық потенциалмен бірге инновациялық инфрақұрылым, материалдық-техникалық және оқу зертханалық база қажеттігін де сөз етті. Аталған университеттің 3 ғылыми зерттеу орталығы Байзақ ауданында орналасқан.
Біріншісі – 8 гектар жерді алып жатқан агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы. Орталық студенттер мен магистранттардың кәсіби практикадан өтуіне, профессор оқытушы құрамының ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге, жылыжай кешенін дамытуға және отандық өсімдік селекциясын зерттеуге арналған. Одан бөлек агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы ауыл шаруашылығында жүрген шаруаларға әдістемелік және консультативтік көмек көрсетеді. Яғни, олардың қаржылық сауаттылығы мен кәсіпкерлік мәдениетін дамыту мақсатымен курстар мен тренингтер өткізеді.
Университеттің екінші ғылыми зерттеу орталығы ветеринария және мал шаруашылығына арналған, жер телімі 50 гектар. Мақсаты – өңірлік агрокешенді дамыту және ауыл шаруашылығы селекциясын зерттеу. Мұнда университеттің ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қараға арналған фермасы орналасқан. Ал үшіншісі – «Аквакультура» ғылыми-зерттеу орталығы. Ол өңірде балық шаруашылығын дамыту, балық өсіру, су айдындарының құрамын зерттеумен айналысады. Қазіргі таңда облыста балық шаруашылығы саласында 148 су айдыны бар.
Университет ғалымдары осы көлдердің 50-іне ғылыми-биологиялық негіздеме жасады. Соңғы 3 жылда гранттық және бағдарламалық мақсаттық қаржыландыру есебінен және коммерцияландыру бағыты бойынша республикалық бюджеттен аграрлық тақырыптарға 1,72 миллиард теңге көлемінде ғылыми жобалар орындалуда. Оның ішінде 2 жоба грант бойынша қаржыландырылса, 4 жоба бағдарламалық-мақсат бойынша қаржыландырылып, 1 жоба грант есебінен коммерцияландырылады.
Одан бөлек, шаруашылық келісімшарт арқылы ғылыми-сараптамалық және ғылыми-консультативтік жұмыстар жүргізеді. Мысалы, 2024 жылы балық шаруашылығының сұранысымен 18 миллион 228 мың теңгеге жобалар орындалды. Ғылым қорының 280 миллион теңге көлемінде коммерцияландыру гранты есебінен балық өсіру технологиясымен айналысатын акваферманың құрылысы аяқталды, – деген Махметғали Нұрғалиұлы өңірлік ғылымды дамыту үшін ескерілуі тиіс мәселелерді атап өтті.
Биыл 14 наурызда Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен өңірлік ғылымды дамыту және жергілікті бюджеттен ғылыми жобаларды қаржыландыру туралы әдістемелік нұсқаулар бекітілген. Осы құжат нәтижелі жұмыс істеу үшін облыстық мәслихатта қаралып, бюджеттен өңірлік ғылымды дамытуға жұмсалатын нақты қаражатты бекіту керек дейді ректор. Облыста қандай басымды бағыттар зерттеуді талап етеді?
Бұл сұрақ бойынша ұсынысты өңірлік ғылыми кеңес береді. Өңірдің ғылыми-техникалық саясатын да қалыптастыратын осы кеңес. Мысалы, аймақтық экономиканың сұраныстарына сәйкес, Шерхан Мұртаза атындағы университет аграрлық бағытта, Дулати университеті химия және химиялық технология саласы бойынша, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті мен Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты су ресурстарын тиімді басқару және пайдалану мәселелері бойынша ғылыми жобаларды жүргізе алады.
Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдардың тарапынан берілетін ғылымға деген мемлекеттік тапсырысты дұрыс анықтау керектігін айтқан Махметғали Сарыбеков Ғылым және жоғары білім министрлігі, жергілікті атқарушы орган, Ғылым қоры, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер, кәсіпорындар мен бизнес-құрылымдар арасындағы байланысты дамыту қажеттігін жеткізді. Ұлттық біліктілік жүйесіндегі жоғары білімнің орны туралы министрліктің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова, «Ұлттық рейтинг: іске асырудың негізгі тәсілдері мен кезеңдері» тақырыбында министрліктің жобаларды басқару кеңсесінің академиялық шеберлік және жаһандық бәсекеге қабілеттілік жобалары тобының жетекшісі Фатима Жақыпова, жоғары білім мен еңбек нарығын интеграциялау мәселелері жөнінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының облыс бойынша директоры Еркін Атымтай баяндама жасады.
Білім үрдістерін трансформациялаудағы жасанды интеллект пен STEM-нің рөлі турасында Astana IT-University ректоры Асқар Хикметов пікір білдірсе, инженерлік кадрларды даярлау сапасын қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін М.Тынышбаев атындағы ALT университетінің құрылтайшысы Гүлзана Серікова айтты. Ал М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің президенті Рихсибай Мамедов аталған оқу орнының бәсекеге қабілетті кадрларды даярлаудағы рөлін мәлімдеді. Отырыс қорытындысында жалпы жиналыстың резолюциясы қабылданды.
Қамар ҚАРАСАЕВА