Туризм арқылы Жуалының табиғатын таныстырамыз

Облыста экотуризмді дамытуға қолайлы ауданның бірі – Жуалы. Сондай- ақ ауданның географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы да көптеген инвесторларды қызықтырып отырғаны белгілі.
Жуалы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Руслан Айтбаевтің айтуынша, ауданда 6500 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның 2-уі орта, 203-і шағын, ал 2600-і жеке кәсіпкерліктер. Қалғаны ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істеп жатқан серіктестіктер мен шаруа қожалықтар. Жалпы кәсіпкерлік нысандар 700-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.
Бүгінгі күні аудан аумағында Берікқара шатқалындағы «Тау самалы» жазғы сауықтыру орталығы мен «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы жағалауындағы «Солнечный берег» демалыс аймағы жұмыс істеп тұр. «Тау самалы» 150 орынға шақталған. Онда жыл сайын көктемде «Қызғалдақ» фестивалі өтеді. Бірнеше жыл бұрын сауықтыру орнына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол салынды. Ал «Солнечный берег» демалыс орталығы жыл бойы жұмыс істеп келеді. Демалыс орталығында кафе, 10 орындық қонақүй, киіз үйлер мен жаздық шағын үйлер бар.
Нысанның иесі, жеке кәсіпкер Олег Сарафинов демалыс аймағынан су спортын дамытуды да жоспарлауда. Сонымен қатар «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының астында жұмыс істеп жатқан «Орлёнок» сауықтыру жазғы демалыс орталығы да облыс тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып кеткен. Бүгінде ол орталыққа отандастарымыз бен шет мемлекеттен келіп демалушылардың да қарасы қалың. Ол да аудандағы туризмнің дамуына өз үлесін қосуда.
Осылайша жергілікті кәсіпкерлердің уақыт талабына сай өлкеміздің көрікті жерлерін туристік аймаққа айналдыра бастағаны байқалады. Бұдан бөлек, ауданда жұмысы тұралап тұрған екі жазғы сауықтыру орталығы бар еді. Біреуі Қаратау қойнауындағы Берікқара шатқалындағы «Берікқара» жазғы сауықтыру орталығы болса, екіншісі – Кеңес Одағының Батыры Дмитрий Пахомов атындағы пионер лагері.
Дегенмен аудан басшысы өз сөзінде бүгінгі инвестор алдағы уақытта жазғы демалыс орнын ашып, одан кейін тау-шаңғы кешені жобасын іске қосуға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар әкім ауданда экотуризмді дамыту мүмкіндігінің жоғары екенін де айтты. Ол үшін Көксай шатқалы таңдап алынған. Үш-төрт жыл бұрын қолға алынған «Көксай» туристік орталығы қазірден ақ көп туристің жүрегіне жол тауып үлгерген. Онда құрылысы жүріп жатқан нысандар мен қонақүйлер, асхана мен киіз үйлер демалушылар үшін таптырмас орынға айналған.
Сонымен қатар Көксай шатқалының түкпірінде, яғни «Ақсу-Жабағылы қорығына қарайтын аймақта орналасқан Айнакөлді көруге қызығушылар қатары да жыл санап артуда. Оның жарнамасының өзі талай туристі осында келуге ынталандырып отырғаны белгілі. Бұл да өңірдегі экотуризмге жол ашатын бағыттың бірі болғалы тұр. Бұдан кейін ауданда туристердің көп баратын орны «Шақпақ әулие» үңгірі. Ол Шақпақата ауылының оңтүстігіне қарай 600 метрдей жерде, Шақпақ қалашығының шығыс беткейінде, шоғыр тау жыныстарында орналасқан. Тереңдігі 5,5-6, биіктігі 2,5 метрді құрайды. Оны жұрт «Шақпақ әулие» атап, ол жерге барып зиярат етеді. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен дертіне шипа іздеп, кие тұтып келетіндердің қарасы қалың. Келгендер үңгір алдындағы шетікке ырым етіп шүберек байлап барып, ішке кіреді. Әулиенің басына күтім жасап отыратын шырақшысы бар.
«Шақпақ әулие» үңгірінен 200 метрдей жерде әулие бастауы бар. Халық оны «Шақпақ әулиенің бастауы» деп құрмет көрсетеді, суын емге пайдаланады. Бұл жерге де кәсіпкерлердің қолдауы керек-ақ. Бүгінде Теріс өзені жағасындағы ортағасырлық қала жұрты Баркуаб қалашығында үш-төрт жылдай қазба жұмыстары жүргізілсе, қазір қаржының жоқтығынан тоқтап тұр. Көне қала жұрты Теріс өзенінің оң жағалауында орналасқан. Бұл қалашық орнына XIX ғасырда В.Бартольд пен В.Каллаур зерттеу жүргізіп, хатқа түсіріп кеткен. Бұл қалашық бірқатар тарихшылардың және саяхатшылардың еңбектерінде аталған.
Бұған дейін жүргізілген қазба жұмыстары барысында ол қорғаннан көп жәдігерлер табылды. Ел тарихшылары ол қаланың жасын біздің дәуірімізге дейінгі ІІ, біздің дәуіріміздің І ғасырларына, Қаңлы мемлекеті кезеңіне жатқызады. Елімізде біздің дәуірімізге дейінгі қаланың бүтін табылуы әлем тарихшыларын қызықтырып отырғаны анық. Көне қала жұрты орналасқан қорғанды алдағы уақытта тарихи орталыққа айналдыру жоспарлануда. Өңірдегі негізгі туристік нысандар тізіміне «Бауыржан Момышұлы» мемориалдық музейі, «Бауыржан Момышұлы» ескерткіші, «Қаралма» тау-шаңғы кешені, «Баркуаб» қалашығы, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы, «Шақпақ әулие» үңгірі, «Беріққара» обалар қорымы, Берікқара шатқалы, және Көксай шатқалы кіреді.
Берікқара шатқалында «Берікқара» ерекше қорғауға алынған мемлекеттік табиғи (біріктірілген) қаумалы орналасқан. Қаумалдың жалпы алаңы 17500 гектар алқапты құрайды. Өсімдіктер – жабайы алма ағаштарының сирек кездесетін түрлері, Соғды шағаны, Берікқара терегі, Грейг қызғалдағы. Жануарлардан арқар, құстардан ұлар, дуадақ, безгелдек кездеседі. Қаумал құрамына Саясу, Жұрындысай, Берікқара, Шымырбайсай, Ақсақалсай табиғи шатқалы кіреді. Ол республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген. Топографиялық түсірілімдер нәтижесінде Берікқара өзенінің қос жағалауынан барлығы 411 оба тіркеуге алынған.
Жалпы ауданда 360 тарихи мәдени ескерткіш бар. Туристерді қабылдайтын 5 қонақүй, бір балалар лагері, 11 кафе-мейрамхана мен алты демалыс орталығы жұмыс істейді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы