Денсаулық

Иммундау – салауатты келешектің кілті

The final spritzer

Адам ағзасының түрлі ауруға бастау болар вирустарға қарсы тұратын бірден бір күші иммунитет екені баршаға белгілі. Әрине, оны күшейту үшін сапалы ас-ауқатпен тамақтанып, дене қимыл белсенділігін тұрақты ұстану маңызды. Сонымен қатар иммундаудың да атқарар рөлі орасан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аумақтық бюросының ұсынысы бойынша 2005 жылдан бері сәуір-мамыр айлары аралығында иммундау апталығы өткізіледі. Биыл облыста бұл апталық «Барлығы үшін иммундау – адамның қолынан келеді» (#HumanlyPossible) ұранымен ұйымдастырылып отыр.

Апталықтың мақсаты – балаларды, жасөспірімдерді, ересектерді вакциналармен басқарылатын жұқпалы аурулардан қорғау ауқымын кеңейту. Сонымен қатар тұрғындарды иммундаудың маңыздылығы жөнінде хабардар ету, вакциналардың тиімділігі бойынша білімдерін жоғарылату көзделеді. Мамандардың айтуынша, балалар мен ересектер арасындағы вакцинациялаудың тиімді бағдарламаларының нәтижесінде облыста көптеген екпемен басқарылатын инфекциялар айтарлықтай азайған.

Апталық аясында тұрғындармен вакциналардың тиімділігі мен қауіпсіздігін түсіндіру жұмыстары, иммундауға оң көзқарас қалыптастыру үшін Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, алдын ала екпелермен қамту деңгейін жоғарылату жұмыстары ұйымдастырылған. Барлық медициналық мекемелерде ашық есік күндері, мектептерде оқушылармен спорттық шаралар, викториналар, дебаттар өткізілген. Балабақшаларда сурет салу конкурсы, «Мен екпеден қорықпаймын!», «Айболитпен кездесу» тақырыптарында иммундау сабақтары, ал студенттермен «Бізбен бірге екпе ал! Өз денсаулығыңды қорға» тақырыбында флеш-моб ұйымдастырылған.

Дәрігерлер екпе алу арқылы түрлі инфекциялардан қорғану мүмкін екенін үнемі ескертеді. Иммундау инфекциядан қорғалатын салауатты және толыққанды өмір сүре алатын әлем құруға мүмкіндік береді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА