ЖОО базасында балық зауыты ашылды

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде жоғары оқу орындары қауымдастығының жалпы жиналысы өтті. «Мамандарды озық даярлау жүйесі – қазақстандық экономиканы дамытудың негізі» тақырыбында ұйымдастырылған жиынға жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары мен салалық сарапшылар және еліміздегі жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов пен онлайн режимде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.
Жиналыс басталардан бұрын облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов бастаған делегация қазақ руханиятының символына айналған Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті. Содан соң делегаттар университеттің Студенттер үйін аралап, оқу-тұрмыстық жағдаймен және жасалған әлеуметтік мүмкіндіктермен танысты. Мұнда студенттерге арналған коворкинг аймағы, оқу кабинеттері, спорт және мәдени демалыс бұрыштары қарастырылған.
Университеттің мәжіліс залында өткен жиында негізінен бүгінгі білім беру жүйесінің басты міндеті экономиканың нақты секторында сұранысқа ие мамандарды даярлау екені және шетелдік студенттерді елдегі оқу орындарында оқытуға тартудың өзектілігі сөз болды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінде елімізде 31500 шетелдік студент оқып жүр. Олар академиялық турист болып есептеледі. Себебі олар тек білім алып ғана қоймай, қыдырып, киноға барып, тамақ ішуімен мемлекетіміздің бюджетіне табыс түсіреді. Міне, осынысымен де шетелдік студенттерді тарту экономикаға пайдалы болмақ.
Жоғары оқу орындары қауымдастығының кездесуін ұйымдастырған Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетіндегі заманауи әдістермен жүзеге асырылып отырған жұмыстарды университет ректоры Махметғали Сарыбеков мәлім етті. Университет студенттері мен магистранттарын тек теориямен емес, практикалық түрде де білім беру үшін өзінің 3 ғылыми зерттеу орталығын да іске қосқан. Олар – агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы және ветеринария мен мал шаруашылығына арналған, балық шаруашылығын дамыту, балық өсіру, су айдындарының құрамын зерттеумен айналысуға бағытталған орталықтар.
Іс-шараға қатысқан еліміздегі университеттердің ректорлары, министрлік өкілдері, сарапшылар мен жергілікті билік мүшелері оқу орны жанындағы агробиологиялық, мал шаруашылығы және аквакультура бағытындағы ғылыми-зерттеу орталықтарын аралап, олардың заманауи әлеуетіне куә болды. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысты.
Айта кетейік, бұл орталықтар – студенттердің практикалық дағдыларын жетілдірумен қатар, өңірлік агроөнеркәсіп кешенін ғылыми тұрғыда қолдауға арналған маңызды алаңдар. Атап айтқанда, агробиологиялық орталық жылыжай кешендері мен отандық өсімдік селекциясын зерттеуге бағытталған тәжірибелік алаңдарды ұсынса, мал шаруашылығы орталығы асыл тұқымды ірі қара өсіруге арналған ферма қызметімен ерекшеленеді. Жоғары оқу орындары қауымдастығының жалпы жиналысына арналған бір күндік іс-шара барысында аталған университеттің жаңа балық зауытының салтанатты ашылуы болды.
Бұл – Шерхан Мұртаза атындағы университеттің аквакультура бағыты бойынша жүзеге асырған ірі жобаларының бірі. Жоба еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, «Ғылым қоры» арқылы 280 миллион теңге көлемінде бөлінген коммерцияландыру гранты аясында жүзеге асырылған. Балық шаруашылығына арналған бұл жаңа нысан өңірдегі су айдындарының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мен экожүйені сақтай отырып, өнімділікке қол жеткізуге бағытталған. Қазіргі таңда облыста 148 су айдыны болса, соның 50-іне университет ғалымдары ғылыми-биологиялық негіздеме жасап үлгерген.
Балық ауыты – өңірлік ғылым мен жергілікті өндірістің нақты түйіскен тұсы. Мұнда балық өсіру технологиясы, азықтандыру жүйесі, су сапасын талдау сынды процестер толық қамтылған. Бұл нысан студенттерге өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірдегі кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына ғылыми тәжірибелік қолдау көрсететін базаға айналмақ. Ректор Махметғали Сарыбековтің айтуынша, университеттің басты мақсаты – білім мен ғылымды ұштастыра отырып, өңірлік экономиканың нақты қажеттіліктеріне жауап бере алатын кадр мен технология дайындау.
Қамар ҚАРАСАЕВА