Қызғалдақ мұра: Таразда ТМД-ның үздік флористі шеберлік сыныбын өткізді

«Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі флористика шеберлерін біріктіріп, шығармашылық диалог пен мәдени мұраны алмасу алаңына айналды.
Халықаралық фестиваль аясында Таразда Қырғызстан Республикасынан келген флорист Петр Анохиннің шеберлік сыныбы өтті. Іс-шараға Тараз қаласының тұрғындары ғана емес, шетелдік туристер де қатысты. Шеберлік сыныбының ашылуында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев сөз сөйледі. Петр Анохин ТМД-ның ең үздік флористі ретінде танылған. 2019 жылы Кенияда өткен әлем чемпионатында ол дүниежүзіндегі үздік 20 флористің қатарына кірді. Қызғалдақты әлемдік флористиканың бір бөлігі екенін айта келе, ол жамбылдық сұрыптардың еуропалық селекциядағы рөлін ерекше атап өтті.
Білікті флористің айтуынша, Жамбыл облысының қызғалдақтары өңірдің табиғи байлығы мен бірегейлігін бейнелейтін нағыз брендке айналды. Қызғалдақтардың халықаралық деңгейде мойындалуы бұл мәртебені одан әрі күшейте түсуде. «Flora & Decor Fusion» флористер қауымдастығының негізін қалаушы Яна Прокудина мұндай фестивальдер қызғалдақтардың, соның ішінде жабайы сұрыптардың құндылығын арттыруға көмектесетінін атап өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.