Күн көсем ескерткішінің егесі кім?

Бүгінгі жаһандық саяси ахуал мемлекеттердің жасампаздығы өзіндік ерекшеліктері мен колориттеріне негізделетінін көрсетіп келеді. Сол арқылы жаһандану үдерісінің жекелеген дамушы елдерге тиімсіз екенін көрсетіп отыр. Мұндай мысалды ақыл-ой салтанат құрған бүгінгі күннен ғана емес, өткен ғасырдың тіршілігінен де аңғаруға болады. Мәселен, тең құқықты халықтар одағын құруды көксеген Кеңес одағы өз құрамындағы мемлекеттердің даму қарқынын бірнеше жылға кейінге қалдырды. Ал оның басты ұранына айналған кемелденген социализм идеясы өзінің кемел шағына жете алмастан жетпіс жыл ғана шыдап тұрды. Осы жетпіс жыл ішінде ғылым мен мәдениетті былай қойғанда, қазақ халқы екі ірі зұлматты, дүниежүзілік соғыс пен атом сынағын, қырғи қабақ қақтығыс пен Ауған басқыншылығын бастан өткерді. Өкініштісі сол, осы қилы кезеңді төл тарихтың темірқазығы – Таразда тұрып та аңсайтындар жоқ емес. Бұған қала аумағында тұрған Лениннің қос ескерткіші дәлел болса керек.
Қант зауыты аймағындағы жергілікті тұрғындар арасында «Кирпичный» аталып кеткен аумаққа жолыңыз түссе, Тараздағы еңселі ескерткіштердің бірін көруге болады. Мұнда тұрпаты тұрғысынан Төле би мен Жамбыл ескерткіштерінен еш кем түспейтін Ленин мүсіні орналасқан. Сұр түстес еңселі мүсіннің биіктігі үш метрге жуықтайды.
Ескерткіштің айналасынан көп ұзамай-ақ, оның сыңарын, яғни тағы бір Ленинді аңғаруға болады. №6 орта мектептің алдында орналасқан күн көсемінің скульптік бейнесі біршама тозып, тіпті, «мұрыны да сынған». Сыры мен сыны кеткен мүсіннің идеологиялық тұрғыдан да қисынға келмейтіндігін атап өткен қоғам белсендісі Абдолла Бақбергенов Ленин ескерткішінің орнына іргесіндегі білім ошағына есімі берілген Мұқағали Мақатаевтың тұғыртасы орнатылса дейді. Талай тараздық өнер адамдарына қолдау көрсеткен руханият жанашыры Тараз қалалық мәслихат депутаты болып жүргенінде №14 М.Мақатаев атындағы ескі мектептің жаңа ғимаратқа көшуіне де себепкер болған.
Расында, саябақ ортасындағы үлкен мүсіннің тұғыртасында есімі жазылмаған соң, жастардың арасында монументте кім бейнеленгенін білетіндер аз екендігін аңғардық. Жалпы,1991 жылдан бастап күн көсемінің ескерткіштерінен құтылу Эстония, Латвия, Литва, Грузия, Орталық Азияның мемлекеттерінде белсенді түрде жүргізіле бастады.
2021 жылдың қаңтар айындағы жағдайға сәйкес, Ленин ескерткіштерінің саны бойынша Қазақстан Ресей, Беларусь және Украинадан кейін посткеңестік елдер ішінде төртінші орынға жайғасқан. Тараз төріндегі қос ескерткіштің осы күнге дейін демонтаждалмауын «Тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау дирекциясы» КММ директоры Сауран Қалиев мүсіндердің мекеме теңгерімінде болмауымен түсіндірді.
Сонымен қатар мекеме басшысы қос нысанның бұзылмай сақталуын қала аумағындағы қандай да бір қоғамдық бірлестіктер қамтамасыз етіп отырғандығын атап өтті. Мәселенің мәнісін білмекке Тараз қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаевамен байланысқан едік, бөлім басшысы екі ескерткіштің қайда орналасқандығын да білмейтіндігін аңғартты.
Еске сала кетсек, 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында Кеңес ескерткіштерін мемлекет қаржысына қалпына келтіру туралы дау-дамай туындағанда Мәдениет комитетінің мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиева: «Қазір мемлекеттік тізімде республика бойынша Лениннің 2-3 ескерткіші ғана қалды. Оларды да алып тастау жөнінде ұсыныс түсіп жатыр. Баспасөзде айтылған Лениннің 109 ескерткішіне келетін болсақ, олардың статусы – жай монументтік өнер құрылыстары. Ондай туындыларды жергілікті әкімдіктер өз шешімімен алып тастауына болады. Алып та жатыр. Ал мемлекеттік тізімдерде бар ескерткіштерді алып тастауға хақы жоқ», – деген болатын.
Ендеше, Тараздағы жергілікті әкімдік шеңберінде шешілетін шаруаға кедергі келтіріп жүрген кім?!
Нұрболат АМАНБЕК