«Мені ешкім, ешқашан өзге ұлт өкілі деп бөлген емес»

Бірлік күні – бейбіт өмірмен ынтымақтаса тұрмыс кешіп отырған қазақстандықтар үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Бұл – әрбір тұрғын үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Себебі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – мемлекетіміздің ең маңызды байлығы. Егемен еліміздің басқа өңірлері секілді Жамбыл жеріне де кезінде белгілі себептермен сан ұлттың өкілі қоныс аударғаны белгілі. Бұл күнде олар бір-бірімен тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қазақпен құдандалы болып, қыз беріп, келін алып туыстық қарым-қатынасты арттырғандары да бар. Мереке қарсаңында қазақ отбасына келін болған әзербайжан ұлтының қызы Замана Исмаиловамен тілдескен едік.
Бүгінгі таңда облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің ғылыми сараптамалық қолдау бөлімінде жетекші сарапшы болып еңбек ететін Замана Назимгызы өмірлік серігі Дамир Исатаевпен Астана қаласында танысыпты. Ол кезде екі жас Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқитын. Аталған оқу орнында магистратурада да бірге білім алған қос ғашық 2010 жылы отау құруға шешім қабылдайды. Дәл қазір ол екеуі үш перзент өсіріп отыр. Балаларының үлкені – 13 жаста. Ал ортаншысы 2-ші сыныпта оқыса, кенжесі балабақшаға барып жүр. Замана өз сөзінде жас келін болып түскен алғашқы жылдары қонақжай қазақ халқының салт дәстүрін меңгеруге күш салғанын жеткізді.
Кейіпкеріміз бойжетіп, қазақ отбасының келіні атанғанда, түскен шаңырағына лезде сіңісіп кетуіне ата-енесі айрықша ықпал еткен. Айтуынша, үйдің үлкендері әлі күнге дейін оның жақсылығын асырып, білместігін жасырып отырады. Екінші анасы мейірімін төгіп, өз қызындай қамқорлық көрсетуге қашанда әзір. Күйеуінің ата-анасы жылы қабылдағаннан болар, жас келін тұрмысқа шыққан сәттен бері ешқандай қиындыққа кездеспепті.
Иә, «халықтар достығы» жай айтыла салған сөз емес. Әр кезеңдерде қазақ елі өзінен пана іздеп келгендердің бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қиын шақтардың өзінде де бір үзім нанды бөліп жеген. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған көпұлтты мемлекет атандық.
Бүгінде түрлі ұлттар мен ұлыстардың барлығы бір шаңырақ астында, бір үйдің баласындай ғұмыр кешіп келеді. Біз аз-кем сөйлескен Замананың шаңырағы солардың бірегейі. Бастысы, олардың үйіне мейман көптеп келеді. Өйткені өмірін бір арнаға тоғыстырған екі ұлт өкілі құрған отаудың есігі қонаққа әрдайым ашық.
Есен ӨТЕУЛІ