Ғылыми жаңалықтар агросаланы алға жетелейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор екенін айтып, алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есеге, ал еңбек өнімділігін үш есе арттыруды тапсырған болатын. Сонымен бірге ғылыми жаңалықтарды да пайдалана отырып ауыл шаруашылығы саласын дамыту – бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Осы ретте, кеше Байзақ ауданындағы «QazMeatExport» шаруа қожалығының егіс алқабында облыстық дала семинары өтті. «Ауыл шаруашылығы саласын дамыту» эксперттік талқылау семинарына еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.
Жиын барысында асыл тұқымды мал, ауыл шаруашылығы техникасы, су үнемдеу технологиялары, тыңайтқыш, тұқым және қайта өңдеу өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Ол көрмемен облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов таныстырса, ал «QazMeatExport» қожалығының төрағасы Дәулет Қонқашев жаздық арпа, күздік бидай, көкөніс алқаптарының бүгінгі жайынан хабардар етті. Егістік алаңында ұйымдастырылған келелі жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, жүргізіп отырды.
Сондай-ақ дала семинарының ашылуында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров сөз сөйлеп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын дамыту бойынша алдымызға қойып отырған бағыт-бағдарымен таныстырып өтті.
Осыдан кейін облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 48,2 миллиард теңге бөлінген. Оның 22,4 миллиард теңгесі шаруашылықтарға жетіп, игерілген қаражат 69 пайызды құраған. Осының есебінен биыл 3,4 мың шаруа қожалық мемлекеттік қолдауға ие болған. Сонымен өткен үш ай қорытындысында 38 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 4,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет тарапынан өңірге 20 мың тонна дизель отыны бөлініп, шаруаларға тарату жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Жалпы биыл 641 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланса, ол жұмыс та жоспарға сай атқарылуда. Келесі кезекте мінбеге көтерілген «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» басқарма төрайымы, ҚР Ұлттық аграрлық академиясының академигі Шолпан Бастаубаеваның «Егін шаруашылығын әртараптандыру – уақыт талабы», «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» басқарма директоры Теміржан Айтбаевтың «Жамбыл облысының шаруашылықтарына ұсынылатын картоп және көкөніс-бақша дақылдарының отандық сорттары» тақырыбындағы баяндамалары көп шаруа қожалықтарына ой тастады.
Ал «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» жем-шөп өндірісі және жайылым бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Нұргүл Меделбекованың «Жамбыл облысында мал шаруашылығы мен жем шөп өндірісін ғылыми қамтамасыз ету», Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Балғабаевтың «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде су үнемдейтін суару технологияларын қолдану» тақырыбында жасаған баяндамалары да диқандар мен қожалық тарапынан қызу талқыға түсті.
Жалпы, ғалымдардың жасаған баяндамалары көпшілікке көп ой салып қана қоймай, шаруашылық басшыларының олармен бірлесе жұмыс істеуге деген құлшынысын арттырды. Сұрақ-жауап бөлімінде де шаруалар тарапынан көп сұрақтар қойылды. Ол сұрақтың дені жоғарыда айтқандай ғалымдарға, олармен әріптестік орнатуға бағытталғанын атап өткен жөн.
Жиын соңы марапаттауға ұласты. Бұл кезеңде облыстың бірқатар ауыл шаруашылығы еңбеккерлері еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Алғыс хаты, облыс әкімдігінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Байзақ ауданы