Мәдениет

Дүбірі бөлек жыр дода

The final spritzer

Қазақ халқының көнеден тамыр тартқан өнерінің бірі – жыршылық. Жыршылық өнер өзге бірқатар өңірлерде жақсы дамығанмен, қазіргі таңда Әулиеата жерінде кенжелеп тұрғаны ешкімге де жасырын емес. Қазіргі таңда халқымыздың байтақ өнерінің жыршылыққа көңіл бөлуі кезек күттірмейтін мәселе. Осы олқы тұсымызды жандандыру мақсатында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Айтыс ақындары және жыршы термешілер орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылдық мәдениет үйінде «Аталардан қалған сөз» атты облыстық жыршылар байқауы өтті. Бұл біздің аймақта жыршылар арасында ұйымдастырылған алғашқы байқаулардың бірі.

Аталған байқауға Тараз қаласынан және барлық аудандардан бойына өнер қонған 14 үміткер қатысып бақ сынады. Байқауды мәдениет саласының үздігі, «Айтыс ақындары және жыршы термешілер орталығы» мекемесінің директоры Ахметжан Өзбеков ашып, аталған өнердің құндылығы жөнінде ой қозғады.

Қазақ халқы ерекше бағалаған жыршылар байқауына мәдениет саласының үздіктері Айгүл Мақашева, Айтмұханбет Исақов, Маралбек Бабақұлов секілді ұлттық өнер шеберлері қара қылды қақ жарып, қазылық жасады. Айтыс ақыны Дидар Апбасов іс-шараны кестелі сөзбен өрнектеп, әдемі жүргізіп отырды. Алғаш болып таластық Бақтияр Сейітқұл өнер көрсетіп, «Жамбылдың арнауы» шығармасын сәтті орындаса, тараздық ең жас қатысушы Мансұр Әлішев те көпшіліктің алғысына бөленді. Ол Ақтанбердінің «Күлдір-күлдір кісінетіп...» шығармасын жұртшылық назарына ұсынды. Жамбыл ауданының үкілі үміті Жақсылық Қалтешов Сүгірдің «Мұхамедке үмбет болғандар» атты жырын бірнеше әуенге салып, кең тыныспен орындап берді.

Қордайлық Алдаберен Жолдасбаев «Ертарғын» жырын, меркілік Мұқағали Балтабай Қашаған Күржіманұлының жырларын шамаларына қарай орындап шықты. Тараздық Ернар Орынбасардың бірнеше мақамға еркін ауысып, «Алпамыс» жырынан үзіндісін шебер орындауы барша көпшілікті сүйсінтті. Тараздық Рауан Әбілқасовтың қобыз аспабымен шығуын байқауға қатысудағы ерекшелігінің бірі деп қабылдадық.

Өз кезегінде Жамбыл ауданының қатысушысы Мұхтар Қонарбаев айтыстағы ұстазы Еркебұлан Қайназаровтың «Не жақсы, не жаман?» атты жырын орындап, елдің ықыласына бөленді. Байқаудың ең жасы үлкен қатысушысы тараздық Ахмет Әлиев Наурызбек жыраудың «Әуелі сөзді сөйлейін» атты толғауын «тірілтті».

Мұрын жыраудың жырынан халыққа сыбаға ұсынған Жамбыл ауданының өкілі Нұрлыбек Құрмановтың өнеріне де көпшілік ықыласпен қол соқты. Қалың көрерменге дәстүрлі әнші ретінде есімі жақсы таныс Мерей Әбуова жыр орындау байқауында да өзінің бағын сынап көрді. Жамбыл ауданының үміткері Сәрсен Әбілқайырдың өнері де көпшілік көңілінен шыққаны анық.

Байқау соңында қазылар алқасының мүшелері өздерінің сын-ескертпе, пікірлерін айтты. Алғаш өткізіліп жатқан сайыс болған соң, орындаушылар тарапынан да кемшіліктер кезікті. Дегенмен барлық қатысушының ынтасы мен ықыласы, жыршылық өнерге деген құрметі қуантты. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынға (жеңімпаз) Тараз қаласынан Ернар Орынбасар лайық деп танылды. Жүлделі екінші орынды Жамбыл ауданынан қатысқан Жақсылық Қалтешов иеленсе, үшінші орынды тараздық Рүстем Малдыбаев пен Рауан Әбілқасов қанжығалады.

Жамбыл ауданынан қатысқан Нұрлыбек Құрманов пен тараздық Мерей Әбуова арнайы жүлдеге қол жеткізді. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге диплом және қаржылай сыйлықтар берілді.

Мұндай өнер жарысы басқа да жас өнерпаздардың ықыласын оятып, ынтасын арттыруы мүмкін. Аталған байқау алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

 

Есет ДОСАЛЫ