Әулиеатада әлі де 70 дәрігер жетіспейді

Кейінгі уақыттары облыстың медициналық қызметіне қатысты бірқатар мәселелер көрініс беруде. Жекеменшік процедуралық кабинеттердің заңсыз істерінің салдарынан адам өлімінің орын алуы, ана мен бала өлімі ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Осындай жағдайларға себеп болған кемшіліктерді түзету ісі қолға алынып, жақында облыста медицина бойынша қоғамдық кеңес құрылғанын жазған болатынбыз. Ал, Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбында брифинг өтті.
Онда облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаевпен бірге Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдәзімов, «Жаңару» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев те мәлімдеме жасады. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаевтың айтуынша, облыста 70 дәрігер тапшы.
Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдәзімов облыстағы «емшара кабинеттері» қызметінің заңдылығын зерделеу топтары анықтаған заңсыздықтарға тоқталды. Біз өз тарапымыздан мемлекеттік емханалар мен ауруханалардың бас дәрігерін тағайындауда тамыр-таныстық, сыбайластық орын алатынын, ондайды болдырмау үшін басқарма нендей шараларды қолданатынын сұрадық.
Жақында ғана ана мен бала өлімі орын алған Шу ауданының бас дәрігері жұмыстан шеттетілген, неге босатылмағаны туралы сауалымызға Ерік Мұсабаев болған жағдайға байланысты арнайы комиссия жан-жақты зерделеу жүргізіп жатқанын, соның шешімі шыққанға дейін бас дәрігер уақытша қызметінен шеттетілгенін айтты.
Қамар ҚАРАСАЕВА