Әлеумет

Әлеуметтік көмекпен 52 мың адам қамтылған

The final spritzer

Облыста 47 698 көпбалалы ана бар. Оның ішінде «Алтын алқа» иегерлері 5 799 болса, «Күміс алқа» иегерлері – 11 641, ал аналардың 1 084-і «1 және 2 дәрежелі Ана Даңқы» орденімен марапатталған және 998 «Батыр Ана» атағын алғандар. Аймақта биыл атаулы әлеуметтік көмекпен 52 652 адамды қамтамасыз ету жоспарланып, оларға барлығы 7,3 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Көп балалы аналар мен әлеуметтік көмек алатындарға мемлекет тарапынан жасалатын көмектер туралы облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан сұраған едік.

Басқарма басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне атаулы әлеуметтік көмек 2 943 отбасындағы 16109 адамға барлығы 386,5 миллион теңге тағайындалған. Сәуірге дейін 2 359 отбасының 12 861 адамына 161,8 миллион теңгесі төленіпті. Айта кетейік, бұл төлем жан басына шаққандағы табысы кедейшілік шегінен аспаған жағдайда төленеді, осы тоқсанда кедейшілік шегі 35134 теңгені құрап отыр.

Биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1636 адамға 2,6 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға конкурстық негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне дейін беріледі.

Қағидаға сәйкес, грант алуға кім үміткер бола алатынын атап өтелік. Яғни, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар және оның жұбайы.

Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеген тағы бір жеңілдік – 2,5 пайызбен берілетін шағын несие. Биыл осындай шағын несиені 375 жасқа 5 миллион теңгеге дейін 5 жыл мерзімге беру жоспарланған. Оны алу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген 21 жастан 35 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматы, салық заңнамасына сәйкес сенім білдірілген өкіл болуы керек. Көпбалалы ана болса да болады.

Микрокредит алу үшін жүгінген сәтте дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі бес жылдан аз болғаны ләзім. Жергілікті бюджет есебінен жүргізілетін атаулы мереке күндері өтініштеріне сәйкес берілетін көмектерге 2025 жылға 1,9 миллиард теңге қарастырылып, 11180 жеке санаттағы азаматты қамту жоспарланған.

Сәуір айына дейін жеке санаттағы азаматтарға жергілікті бюджет есебінен 1049 адамға 15,7 миллион теңгеге әлеуметтік көмек көрсетіліпті. Сондай-ақ, 2025 жылы әлеуметтік осал топтардағы 8911 отбасыға 154,1 миллион теңге көлемінде тұрғын үй көмегін көрсету де көзделген. Аталған көмек түрін «Тұрғын үй қатынастарының» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97-бабына сәйкес, Тараз қаласында тұрақты тіркелген, жеке меншігінде жалғыз тұрғын жай бар отбасының алдыңғы тоқсандағы жиынтық табысының 5 пайызы алдыңғы тоқсандағы коммуналдық қызметтердің шығынынан аспайтын аз қамтылған отбасыларға тағайындалып, төленеді.

Есепті мерзімге тұрғын үй көмегі 874 отбасыға 2765 адамға 21 миллион теңге тағайындалып, берілген. Сонымен қатар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға, І топ мүгедектігі бар адамдарға қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы берілген.

Бұл жеңілдік «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 20 бабына сәйкес жүзеге асырылып отыр. «Әлеуметтік» картаны алу үшін «Жайлау» (3) шағынауданы, №21 үйде орналасқан «tulparcard» диспетчерлік пунктіне жүгіну керек.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА