Жас ғалымдарымыз Орта Азияда көш бастап тұр

Бүгінде жаңа инновациялық технологиялар өмірімізге жаңаша өң беріп, тұрмыс сапасын жақсартуға көп септігін тигізуде. Сол арқылы адам баласының уақытын үнемдеп, түрлі мәселелерді оңтайлы шешуге атсалысып келеді. Тіпті кей қатерлі аурулардың да алдын алып, өмір үшін арпалысқа түскен науқасқа үміт шамын қайта тұтатуға да жаңа технологиялардың әсері орасан. Тараздық жас ғалымдардың Úmit стартап жобасы соның айқын дәлелі.
Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары әзірлеген ерекше жоба – жасанды интеллектке негізделген интерактивті «ақылды капа» жүйке-бұлшықет қызметі бұзылған жандардың өмірін жеңілдетуге бағытталған. Арнайы сенсорлар мен бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы капа пайдаланушының еріксіз бұлшықет қозғалыстарын анықтап, сол арқылы арбасын басқаруға, сондай-ақ смартфон мен компьютерге пәрмен беруге мүмкіндік береді. Жоба авторлары – Қанат Тәжіхан мен Барысхан Қалдыбаев интерактивті капаны жасауға 2 жыл уақыт жұмсаған. Ол үшін алдымен оңалту орталықтарына барып, мүгедектігі бар жандарға не қажеттігін зерттеген. Құрылғы жақ-сүйекке киіледі. Мүгедектігі бар адам тіл арқылы немесе басын қимылдатып жұмыс істей береді. Мысалы, арбаны солға немесе оңға бағыттау үшін басын бұрса жеткілікті.
Еске сала кетейік, өткен жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері Қанат Тәжіхан бұған дейін де бірнеше жобаларымен көзге түскен еді.
Олардың қатарында The Future Solаr Power Plant деп аталатын қалқымалы күн панелі де бар. Оның ерекшелігі сол, күн панелі жерге емес, су бетіне орнатылады. Панель су қоймаларын эвтрофикациядан, яғни, буланудан, балдырлардың өсіп кетуінен сақтайды. Ал ең негізгісі, көп энергия өндіреді. Жас өнертапқыш бұл жобасын түрлі халықаралық зияткерлік жарыстарда, ғылыми байқауларда қорғап шыққан.
Нәтижесі – өте жақсы. Жоба Азия елдері қатысатын «Ingenious project – 2022» халықаралық ғылыми жобалар байқауында, Францияның Париж қаласында өткен «The Big Progress» халықаралық байқауында бірінші орынды иеленген. Француздар тіпті, жас таланттың талабын көріп, өз елдеріне шақырту да жіберген болатын. Қанаттың өзі бұл жайында: «Жобамды өз елімде дамытқым келеді. Егер жобамды жүзеге асыруға демеуші тапсам, біз жасыл энергияны дамытып, толық энергия алып жатқан тұңғыш мемлекет болар едік. Францияға шақыртқанда бармаған себебім де сол» деген болатын.
Бүгінде оқушылардың құрылғысы халықаралық сарапшылардың да жоғары бағасын алып отыр. Ол жақында ғана Ташкентте өткен AICA Awards халықаралық байқауында «Жасанды интеллектіге негізделген ең үздік стартап жобасы» атанған болатын. Айта кетейік, AICA Awards – Орталық Азияда жасанды интеллектке арналған тұңғыш халықаралық премия. Ол ұлы математик, алгебра негізін қалаушы әл-Хорезми есімімен аталады.
Жоба мақсаты – аймақты жаһандық AI хабқа айналдыру. Биылғы байқауға Қазақстан, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан ондаған жоба қатысқан еді. Байқауда отандық стартаптың инновациялық жобасы практикалық маңыздылығы және кең тарату әлеуеті үшін ерекше бағаланды. Команда байқаудың бірнеше кезеңінен өтіп, бес елдің венчурлік инвесторларынан және индустрия көшбасшыларынан құралған қазылар алқасының алдында өз жобасын сәтті қорғап шықты.
Айта кетейік, облыста 45 мыңнан аса психоневрологиялық ауытқуы бар адам тіркелген. Тараз қаласының өзінде 600-ден аса адам арбаға таңылған. Сондықтан мамандардың сөзінше, жоба жүзеге асса, құрылғы ерекше жандарға үлкен мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жас өнертапқыштар өнертабысқа авторлық құқықты толықтай рәсімдеп алған. Енді тек демеуші тауып өндіріске шығаруды мақсат етіп отыр. Болашақта жоба жүзеге асса бұл жай ғана медицинадағы технологиялық жетістік емес, адам тағдырын өзгертуге бағытталған маңызды бастама болмақ.
Нұрболат АМАНБЕК