Қоғам

«Үйдің қасындағы қараңғы қуыстан бәріміз қорқамыз»

The final spritzer

Редакциямызға хабарласқан Тараз қаласының «Ақбұлақ» шағынауданындағы №17 үйдің тұрғындары өз ауласындағы жайсыздықты жеткізді. Айналаны қоршай орналасқан 3-4 үйдің ортасында тұрған тұрмыстық қалдықтарды тастайтын жәшіктер, оның қасында 2 темір дүңгіршек жайсыздық туғызған. Жел соқса, қалдық тастайтын жердегі целофан пакеттер мен қағаздар 17-үйдің есігінің алдына, тіпті есік ашылса дәлізге ұшып кіретін көрінеді.

Ауладағы бұл жайсыздықты 17-үйдің тұрғындары жергілікті әкімдікке біраз жылдан бері айтып жүрген, бірақ ешқандай нәтиже болмаған.

Осы үйдің тағы бір байырғы тұрғыны Бақыт Айханова бұл мәселенің көтерілгеніне көп болғанын және әкімдікке бірнеше мәрте айтылғанын, бірақ соншама жылдан бері ешбір нәтиже шықпай отырғанына налиды.

Біраз жылдан бері жергілікті әкімдікке бұл мәселемізді айтып келеміз. Соңғы естіген жауабымыз – қоқыс жәшігі, электр желісінің қосалқы станциясы тұрған жер сатылыпты, оған әкімдік ештеңе істей алмайды екен. Енді сол орта тұсқа тұрғын үй кешені салынады дегенді естіп жатырмыз, ондағы ағаштар да кесіледі дейді. Қысқасы, бұл мәселеміздің тұрғындарға жайлылық туғызатындай етіп өзгеруі екіталай, – дейді Бақыт Айханова.

Осы үйге жақында қоныс аударып келген көпбалалы ананың да уайымы – өз үйінің ауласында балаларының алаңсыз болуы.

Міне, «Ақбұлақ» шағынауданындағы №17 үйдің тұрғындарының «жыры» осындай болып отыр. Биылғы көктемдегі абаттандыру айлығында Тараз қалалық әкімдігі осы үйдің ауласының мәселесін де ескеріп, тұрғындардың тілегіне құлақ түрсе екен дейміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА