Ветеринария мамандарына жаңа көліктер тапсырылды

Ветеринария саласының алға басуы – даму кепілі. Аталған сала мамандарын қолдау аса маңызды. Осы орайда облыс бюджетінен бөлінген 24 миллион теңгеге Байзақ ауданы, Қосақ ауылында заман талабына сай бірыңғай типтік үлгідегі ветеринарлық пункт пайдалануға берілді. Бұл – ел аумағында ветеринария саласы бойынша ауылдық жерде жаңа үлгімен салынған алғашқы нысан.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев және Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірқатар депутаттары, еліміздің бірқатар өңірлерінен келген ауыл шаруашылығы және ветеринарлық саланың өкілдері аталған нысанды аралап көріп, типтік үлгідегі ғимаратқа оң бағасын берді.
Облыс басшысына және құрметті қонақтарға аталған саладағы жағдай туралы облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев таныстырып, өңірдегі төрт түлік малдың амандығы жолында 1055 маман уақытпен санаспай еңбек етіп жатқанын, олар 85 қажетті ғимаратпен қамтылғанын, әлі де 75 ғимарат керектігін айтып өтті. Жыл сайын ветеринария саласына бөлінген қаражат көлемі де көбейіп келеді. Саланы қолдаудың маңыздылығын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жан-жақты айтып өтті.
Сонымен қатар, облыс басшысы бірқатар қызметтік көліктердің кілтін тапсырды. Өңір басшысының қолынан алғаш болып Байзақ ауданы Сарыкемер ауылдық округінің мал дәрігері Мақсат Тұрысов пен Жамбыл ауданы Қарасу ауылдық округінің бас мал дәрігері Руслан Жолсейітов көліктің кілтін алды.
Мұнан соң, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев облысымыздағы ветеринария саласының еңбек ардагерлері және ауыл шаруашылығы саласының үздіктерін марапаттады. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринариялық лабораториясы» облыстық филиалы Қордай аудандық ветеринариялық лабораториясының ветеринариялық санитары Гулжамал Карипкулова «Құрмет» орденімен марапатталса, бірқатар азаматтар Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісіне ие болды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин бірқатар лайықты азаматтарға аталған министрліктің Құрмет грамотасын табыс етті.
Есет ДОСАЛЫ