Елім деп туған ер Баукең

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған іс-шаралар тұлғаның туған жері – Жуалы ауданынан басталды.
Даңқты батырдың мерейтойы туған топырағында бастау алды
Еске алу шарасына ҚР Бас прокуроры Берік Асылов, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, қоғам қайраткері, жазушы, батырдың келіні Зейнеп Ахметова, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Жиналғандар Бауыржан Момышұлын бір минут үнсіздікпен еске алып, ерлігіне құрмет көрсетіп, еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл күні Жуалы аудандық прокуратурасында Бауыржан Момышұлының мерейтойына орай мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ең әуелі ҚР Бас прокуроры Берік Асылов құттықтау сөз сөйледі.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұл игі іс-шаралар елдігімізді нығайтып, тарихты тануға зор үлес қосатынын атап өтті.
Өңір прокуратурасының бастамасымен ашылған тақта – қазақтың батыр ұлы, Жуалы ауданының прокуроры қызметін атқарған Бауыржан Момышұлы мен Ұлы Отан соғысына қатысқан прокурорлардың құрметіне орнатылды. Тағылымды шарада жас прокурорлар ант қабылдады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.