Әлеумет

Ауыл имамдарына автокөлік мінгізді

The final spritzer

Қазіргі таңда әр ауылда имандылық ордасы саналатын күмбезді мешіттер бар. Сол имандылық ордасына сирек болса да ауыл тұрғындары барып, құлшылығын жасап, ғибратты сөз тыңдап жүр. Жалпы, ауыл халқы үшін мешіт имамының орны бөлек. Әр тұрғынның ауыл имамына деген құрметі жоғары. Себебі қазақ ілімі бар адамды сыйлаған. Қай кезде де жастығына қарамай ілімі жоғары адам төрге шыққан.

Сондай сыйлы кісінің қатарында Т.Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылының имамы Бақытжан Әлімбеков те бар. Ол аталған ауылға 18 жылдан астам уақыттан бері имам болып, асыл дініміздің насихатталуы, тұрғындардың ізгі істерге ұмтылуы жөнінде игі жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Ауыл жастарының діни сауатын ашудан уақыты мен білімін аяған емес. Алдына сауалмен барған жамағатты жылы қабылдап, жауабын беріп, қанаттандырып жібереді. Ауыл халқы имамның еңбегіне өте риза. Ал аталған аудандағы Қарақыстақ ауылының имамы Қайсар Сұлтановтың да талай жылғы тәжірибесі бар. Ол үлкен ауылға имандылықтың алтын шұғыласын шашып келе жатыр.

Осы жағдайларды ескерген Көкдөнен ауылының тумасы, танымал кәсіпкер, «Cotton» дүкендер желісінің иесі Жақсылық Әміртаев жақында сауапты іс жасады. Ол ауыл ақсақалдары мен тұрғындарының алдында ұзақ жыл сіңірген еңбегі үшін имам Бақытжан Әлімбековке темір тұлпар мінгізді. Жақсылық Әміртаев дәл осындай автокөлікті Қарақыстақ ауылының имамы Қайсар Сұлтановқа да тарту етті.

Осындай игі ісі үшін ауыл халқы да кәсіпкерге алғысын айтты.

 

Ердос САҚПАНҚҰЛОВ

Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаты.