Экономика

Түлектер түрлендірген Қорағаты

The final spritzer

Құрылғанына 70 жыл толған Т.Рысқұлов ауданындағы Қорағаты ауылы тың игеру кезінде астық совхозы болған еді. Себебі жер көлемі үлкен болғандықтан мұнда негізінен егін шаруашылығына басымдық берілген. Қазір де 13 мың төрт жүз гектарға жуық егістік алқабы бар. Бүгінде бұл алқаптарды ірі агроқұрылымдар игеріп отыр. Бұл округке 5 елді мекен кіреді. Солардың ішіндегі Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе елді мекендерінде ауыз судың қиындығын, ғаламтор желісі тартылмағанын және орталыққа қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығын айтып, бұрын газетімізде мәселе көтерген болатынбыз. Бүгінде осы ауылдарға ауыз су кіргізіліп, жол төселіп, қоғамдық көлік жүргізіліпті. Бұдан да өзге Қорағаты ауылындағы келелі істер барын арнайы барып, көрдік.

Ауылға кіреберістегі өзен үстінен өтетін көпірге алдымен көзіміз түсті. Оның тозғанын ескерген ауылдың түлектері жаңарту жұмысын жүргізіп жатыр екен. Ауыл әкімі Бақытбек Аблазимовтың айтуынша, ауыл мектебін бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер көпірді жаңартып ғана қоймай, түнгі жарық шамдармен ауылдың аты жазылған баннерді де безендірмекші.

Қорағаты округінің электр желілері толықтай жаңартылып, әр елді мекенді қамтитын 3 трансформатор орнатылып, сымдары мен бағаналары жаңартылыпты. Жалпы округ бойынша 1596 адам тұрады, 93 мың гектар жері бар. Мамыртөбе ауылының астындағы Шілік су қоймасындағы 5 миллион куб су игеріліп, жылда 97-100 гектарға қант қызылшасы және басқа да дақылдар егіледі.

Бүгінде ауылда ауыз су, жол мәселелерінің шешілуімен қатар, түнгі жарықтандырылуы да толықтай жүргізілген. Ауыл мектебіне станциядан күнделікті келіп оқитын және интернатта жатып оқитын үш елді мекеннің балалары үшін жаңа автобус та берілген. Қазіргі уақытта қорағатылықтар ауылдың 70 жылдығы мен Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қызу дайындық үстінде. Бұл жай той емес, ортақ мүддеге жұмылған тұрғындардың бірлігі мен ынтымағының көрінісі болса керек.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы