Әлеумет

Табиғи өрттің туындауына жол бермеу – маңызды

The final spritzer

Жыл басында өңірдегі мемлекеттік орман қоры аумағындағы климат жағдайлары ескеріле отырып, табиғи өрттердің алдын алу, олардың туындауына жол бермеу және дер кезінде жою мақсатында өрт қауіпті кезеңі бекітілген болатын. Осыған сәйкес, биыл облыстағы орман қорында өрт қаупі маусымы 26 наурыздан басталды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Ералы Ақылбеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген баспасөз конференциясында айтты.

ӨҢІРДЕ ОРМАН ҚОРЫН ҚОРҒАУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Айтып келмейтін апаттан абай болайық

Бұл күндері өңірдегі орман қорын өрттен қорғау жұмыстары басталып кетті. Алдымен «Облыс аумағындағы табиғи өрттердің алдын алу шаралары туралы» облыс әкімінің қаулысы қабылданып, орман және дала өрттерімен байланысты төтенше жағдайларды жою кезінде уәкілетті органдардың басқару және өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Соған сәйкес республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары мен теміржолдар бойындағы минералды жолақтарды толығымен жырту жұмыстары қолға алынды.

Бүгінде облыста барлығы 377 елді мекен бар десек, мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің 20 өрт сөндіру бөлімі өздерінің қызмет көрсету аумағына кіретін 106 елді мекенді қорғауды жүзеге асыратын болады. Қалған 271 елді мекенді қорғауды жергілікті атқарушы органдардың 36 өрт сөндіру бекетін кезең-кезеңімен құру арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Осыған байланысты 2021-2025 жылдары облыс аумағын дамыту жоспарына 13 шалғай елді мекенде өрт сөндіру автомобильдерімен және бейімделген техникамен жарақтандырылған өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру мүмкіндігін енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Аталған жоспарға сәйкес облыс аумағында 22 өрт сөндіру бекеті құрылды. Бұл бекеттердің жауапкершілік аймағында халық саны 211 мыңнан асатын 78 елді мекен орналасқан. ТЖД бастығының орынбасары Ералы Нұрғалиұлының айтуынша, бұған дейін ауылдық округтерде 2128 мүшесі бар 165 ерікті өрт сөндіру жасағы құрылған. Табиғи және техногендік төтенше жағдайларды уақытылы жоюға дайын 20 өрт сөндіру бөлімі бар. Оқушыларды практикалық қауіпсіздік дағдыларына оқыту мақсатында білім беру мекемелерінде төтенше жағдайлар туындаған жағдайда оқу орындарының ғимаратынан қауіпсіз эвакуациялау бойынша 928 түрлі оқу-жаттығу өткізіліп, оған 54 мыңнан аса адам қамтылған.

Биыл жазғы уақытта облыс аумағында 5 мемлекеттік сауықтыру лагері, 2 сенімгерлік басқаруға берілген лагерь және 5 жекеменшік лагерь, барлығы 12 сауықтыру лагері жұмысын бастайды. Олардың 7-інде аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері мен білім бөлімі өкілдері бірлесіп, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына комиссиялық тексерулер жүргізді. Департамент жеке құрамының, полиция қызметінің және жергілікті атқарушы органдардың күшімен 82 адамнан тұратын 16 бірлескен мобильдік топ құрылды.

Алдын алу жұмыстарының ауқымы кең

Облыстың мемлекеттік орман қорының және дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен алдын алу іс-шараларының жоспары әзірленді. Жол қызметтерінің жұмыс жоспарына сәйкес, облыс аумағындағы республикалық маңызы бар 1237 километр автожолдардың 1074 километрінде, облыстық маңызы бар 1943 километр автожолдардың 712 километрі және 840 километр теміржолдың 104 километр қашықтығында орман екпе ағаштары бар жерлерде өртке қарсы жолақтарды жырту жұмыстарын жүргізу қажет. Осыған орай қазіргі уақытта орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша белсенді профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылуда. Облыс аумақтарына сағат сайын космо-мониторинг жүргізілуде.

Сәуір-қараша айлары аралығында мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 3,048 миллион гектар жерін ұшу арқылы күзету жұмыстары жүргізілмек. Дала өрттерін, сондай-ақ өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттерді сөндіруді тиісті аумақтағы жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын болады. Бұл бағытта аудандық әкімдіктермен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша жұмыстар атқарылған.

Атап айтқанда, облыс бойынша жергілікті атқарушы органдардың 22 өрт сөндіру бекеті ашылды. Оның ішінде 13 бекет жыл бойында жұмыс істесе, 8 өрт сөндіру бекеті тек маусымдық, яғни жазғы өрт қауіпті кезеңде қызмет атқарады.

Сонымен қатар облыстың даму жоспарына сәйкес, биыл Сарысу ауданының Тоғызкент, Талас ауданының Үшарал және Қордай ауданының Ауқатты ауылдық округтерінде қосымша 3 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланған. Бұл бекеттерге облыстық департаменттің теңгерімінен 3 өрт сөндіру автоцистернасын беру қарастырылған. Сонымен қатар, облыстың ауылдық округтеріндегі 165 ерікті өртке қарсы құрылымның жарақтарында келісімшарт бойынша 229 соқалы трактор, 42 су тасығыш, 237 бейімделген техника, 88 мотопомпа, 48 аспалы өрт сөндіргіш, 2153 дана сапалақ және 1603 қоласты құралдары бар.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП