Жалға алынатын үйге төлем жасаудың жолы қандай?

Биыл сәуір айында облыста жергілікті атқарушы органның қатысуымен 486 пәтерден тұратын 11 нысан пайдалануға беріледі. Бұл үйлерге облыста тұрғын үй кезегінде тұрған барлық санаттағы азаматтар үміткер бола алады. Өтініштерді «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Отбасы банктің» otbasybank.kz порталында беруге болады. Бұл туралы азаматтардың жекелеген санаттарына жеке тұрғын үй қорынан жалға алынатын тұрғын үй үшін төлемдер жасауды жүзеге асыру (субсидия) бойынша өткізілген баспасөз мәслихатында «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтанов хабарлады.
Филиал директорының айтуынша, әлеуметтік тұрғын үй құрылысы 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылмақ. Пәтер сатып алуға арналған несие жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен (ЖТСМ 5,2 пайыздан 5,8 пайызға дейін) беріледі.
Бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Мұндай қолжетімді шарттармен пәтерлерді бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе асырап отырған отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, көпбалалы отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналар, бұрын «Батыр ана» атағын алғандар, сондай-ақ «Ана даңқы» орденінің I және II дәрежелерімен марапатталған аналар, сондай-ақ тұрғын үй кезегінде тұрған өзге де азаматтар ала алады.
Филиал басшысы мемлекеттік қолдау аясында жалдау төлемдерінің 50 пайызын субсидиялау түріндегі көмек қандай санаттағы азаматтарға берілетінін айтты. Мәселен, мұндай көмек I және II топтағы мүгедектерге, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, көпбалалы отбасыларға және жетім балалар санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға көрсетіледі. Оларға қойылатын жалпы талаптар – соңғы алты айдағы отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа айлық табыс мөлшері күнкөріс минимумының бір еселенген шамасынан (46228 теңге) аспауы тиіс және «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қойылғанын және тиісті санатқа жататынын растайтын құжаты болуы керек. Осы аталған санаттар бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар мемлекеттік қолдауға үміткер бола алады.
«Отбасы банк» филиалы директорының сөзінше, азаматтар жалға берілетін тұрғын үйді өзі іздейді. Оның құнын есептеу кезінде бірнеше фактор ескеріледі. Бір шаршы метр үшін жалдау ақысы жыл сайынғы есептік көрсеткіш деңгейіне және өңірге немесе қалаға белгіленген арнайы коэффициентке сәйкес есептеледі. Біздің облыс үшін бұл коэффициент – 2,24.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП