Экономика

«Балық өсіру туралы бастамамды бірден қолдады»

The final spritzer

Ел Президенті: «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігі туралы баса айтқаны белгілі. «Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс», – деп бірқатар бағыттарға басымдық берген болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» ел Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 қаулысымен 2030 жылға дейінгі мерзімде балық шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаның мақсаты – халықты балық өнімдерімен қамтамасыз ету. Нәтижесінде аймақта балық шаруашылығын дамыту мықтап қолға алынған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар аясында облысымызда тауарлы балық өндірісінің көлемін арттыруға назар аударылып, 2025 жылға дейін өнім көлемін еселеп өсіру мақсаты қойылған еді.

Биыл аталған бағдарламаның іске қосылғанына бесінші жыл толды.

Осы уақыт аралығында «Аталған салада қандай өзгерістер болды? Жоспарланған нәтижеге қол жеткізе алдық па? Жалпы, облыста балық шаруашылығының бабы қандай?» деген сауалдарға көз жүгіртіп көрдік.

Аймақтағы балық өсіру ісін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бақылауда ұстайды. Мекеменің жануарлар дүниесін қорғау және балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Балтаевтың айтуы бойынша, басқарма алдына облыстағы балық шаруашылығын дамыту жөнінде нақты тапсырма қойылған.

Балық өндірісінің ұлғаюы салаға мемлекеттік қолдау көрсетілуіне тікелей байланысты екені белгілі. Бұл ретте шаруалар жем құнының бір бөлігін және шабақтарды, дәрі дәрмектерді және бағалы балық түрлерінің аналығын сатып алу құнын жабатын субсидияларға сенім арта алады. Мәселен, өткен жылы жергілікті бюджеттен акваөсіруді субсидиялауға 200 миллион теңге қарастырылған. Оның ішінде жергілікті бюджеттен балық жемдерін сатып алуға кететін шығындардың 30 пайызын субсидиялауға 130,1 миллион теңге, балық отырғызу материалына 65,9 миллион теңге және балық өсіру биологиялық негіздеме алуды субсидиялауға 4 миллион теңге бөлінген.

Аталған қолдаулардың арқасында салаға бет бұрушылар қатары жыл сайын артып келеді. Әсіресе, сазан өсіруге ниеттілер көп. Мәселен, «Жанболат» шаруа қожалығы бір жылда – 25 тонна, «Бағдатбек» шаруа қожалығы – 2 тонна, «Тоба» шаруа қожалығы – 40 тонна, «Жуалы и К» ЖШС – 117 тонна, «Сандель-Агро» ЖШС – 5 тонна, «Арслан» ЖК – 5 тонна, «Алтын бұлақ» шаруа қожалығы 50 тонна сазан өсірген. Форель тұқымдас балық өсірушілер де айтарлықтай артқан. Мысалы, «Атамекен» шаруа қожалығы бір жылда 20 тонна форель, «Ислам» шаруа қожалығы – 50 тонна, «Сүйіндік» шаруа қожалығы – 45 тонна, «Саурамбаев» ЖК – 6 тонна, «Меридиан» ЖК 10 тонна форель өндірген. «Янтарь» ЖК – 90 тонна, «Айжан» ЖК – 95 тонн «Қордай балық» ЖШС – 220 тонна, «Балық өнеркәсібі» ЖШС – 2,6 тонна, «Тараз Эко Фиш» ЖШС 20 тонна форель өсіріп, көл-көсір пайда көріп отыр. Балықтың бұл түрін өсірумен айналысып отырған Жуалы ауданындағы «Ислам» шаруа қожалығы балық шаруашылығын дамытуды 2021 жылдан бастап қолға алған.

Бұл кәсіпке ден қойған Қанат Жұманов Диқан ауылының сыртындағы тоғанға бассейн салып, алғашқыда оған форель балығының 1-2 айлық шабақтарын жіберген. Ол үшін Алматы облысының Есік қаласынан 5 мың данаға жуық форель балығының шабақтары әкелінсе, кейінгілері Тараз қаласы, Шайқорық ауылындағы «Алтын бұлақ» шаруа қожалығынан тұрақты алынып отыр.

Бүгінде «Ислам» шаруа қожалығы форель балығын өсіру бойынша облысымыздағы екінші орындағы шаруашылық. Біріншісі – Жамбыл ауданының Жасөркен ауылындағы «АрНұр» ЖК-нің жаңа форель шаруашылығы. Кәсіпкер Руслан Сауранбаев 2019 жылдан бастап кәсіптік балық өсірумен айналысуда. Мұнда жылына 90 тонна тұқы тұқымдас тауарлы балық өндіріледі.

Ал Т.Рысқұлов ауданындағы Аманжол Шіндебаевтың «Номад» шаруа қожалығында 2022 жылдан бастап балық шаруашылығы қарқынды дами бастады. Осы уақыт ішінде мұнда 200 тонна форель өндірілген. Аманжол Шіндебаев балықтың ішкі нарықта сұранысқа ие екенін айтады. Шаруашылықта өндірілетін балықты шетелде де жақсы қабылдайды. Сол секілді Меркі ауданындағы «Bester Yard» ЖШС жамбылдықтарды көптен бері африкалық жайынның етімен қамтамасыз етіп келеді. Бұл – жылуды жақсы көретін балық, сондықтан бассейндегі температураны 26 градустан сәл жоғары ұстау керек. Уылдырықтың сау болуын қамтамасыз ету үшін көбейту процесі жасанды түрде жүргізіледі. Шаруашылықта жылына 20 тоннаға жуық африкалық жайын өсіріледі. Өнімдер жергілікті нарықта сатылады.

Бұдан бөлек, аймақтағы су айдындарында да балық шаруашылығын дамытуға баса назар аударылып отыр. Алайда бұл істің дамуына браконьерлердің тигізіп отырған залалы көп көрінеді. Сол себепті Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының облыс бойынша балық инспекциясы аймақтағы айдындардағы тәртіптің сақталуын қатаң қадағалауға алған.

Аталған шаралар «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясын ұйымдастыру туралы Балық шаруашылығы комитетінің 21 ақпандағы №01-06/34 бұйрығына сәйкес қолға алынып отыр. Осылайша құзырлы органдар мен мекемелер және балық шаруашылығы субъектілерімен арнайы жұмысшы тобы құрылған.

Аталған топ заңсыз балық аулау, сату, сатып алу, иемдену, өткізу, тасымалдау деректеріне жол бермеу, сондай-ақ тыйым салынған балық аулау құралдарын заңсыз саудалау деректерін анықтау және үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бірлескен профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізумен айналысады. Жоғарыда айтқанымыздай, Жамбыл өңірі балық шаруашылығын дамытуға өте қолайлы аймақ саналады. Ал кәсіптің бұл саласынан түсетін пайданың көл-көсір екені айтпасақ та белгілі.

Демек, бұл – облыстың экономикасына қосымша түсім түсірудің оңтайлы жолдарының бірі. Ол үшін, әрине, өңірде балық өсіріп, кенжелеп қалған шаруашылықты алға бастыруға күш салып жүрген кәсіпкерлерге қолдау ауадай қажет. Балық шаруашылығын тартымды табыс көзіне айналдыру, арнайы бағдарламаны көбейту нәтижеге бастар қадам екенін ескерсек, салаға серпін берген бағдарламаның шарапаты әлі талай шаруаға тиеді деп сенеміз.

 

Нұрболат АМАНБЕК