Екі ауыл таза ауыз суға қосылды

Талас ауданында құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыс көп. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның қатарында халықты таза ауыз сумен, көгілдір отынмен, жайлы инфрақұрылыммен, жарықпен, спорттық және мәдени нысандармен, білім және денсаулық сақтау ғимараттарымен қамту да бар. Бұл бағыттағы жұмыстар Талас ауданында жоспарлы түрде кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда.
Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтың айтуынша, ауданда мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың аясында атқарылып жатқан жұмыс көп. Атап айтар болсақ, күні кеше Сейілбек пен Қожағаппар елді мекендері таза ауыз су жүйесіне қосылды.
Қос елді мекендегі таза ауыз су құбырының пайдалану іс-шарасына халық көп жиналды. Ауыл тұрғындарының қуанышына аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков пен аудандық мәслихаттың төрағасы Қадірбек Садубаев ортақтасып, ізгі тілектерін білдірді. Ал өз кезегінде ауыл қариялары тұрғындар атынан ризашылығын жеткізіп, салтанатты жағдайда жаңа нысанның лентасын қиды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Талас ауданы