Жаңалықтар

Тазалық – халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы тиіс

The final spritzer

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөз сөйледі.

Президент өз сөзінде бүгінгі жиынның маңызына тоқталып, «Тазалық» фестивалі өте тағылымды іс-шара екенін айтты.

Мемлекет басшысы тазалықтың мәні мен мағынасы жайындағы пікірімен бөлісіп, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін үнемі айтып келе жатқанын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің еңбегін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, волонтер болу, ең алдымен, нағыз отаншыл азамат болу, яғни, патриот болу деген сөз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы экологияны жақсартуға кәсіпорындар мен кәсіпкерлер зор үлес қосып жатқанына тоқталды. Президент «Таза Қазақстан» аясында өте ауқымды жұмыс атқарылғанын, миллиондаған тонна қоқыс жиналып, көшет егілгенін тілге тиек етті. Бұл ретте «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясының жақсы дәстүрге айналғанын жеткізді.

Мұнан соң Мемлекет басшысы жастар ұсынған жобалармен танысқанын жеткізіп, әр бастамадан туған елге, табиғатқа деген қамқорлық байқалатынына назар аударды. Мысалы, Дана Есенғали мен Камила Қышқашбаеваның жобаларына тоқталып, бұдан қазақ жастарының жасампаз болмысы көрінетінін, ел мен жерге шынайы жанашырлығы білінетінін мәлім етті. Сонымен қатар Қазақстанның болашағы осындай санасы сергек, ойы ұшқыр жастардың қолында екенін баса айтты.

Фестиваль соңында «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысқан, қоғамда тазалық мәдениетін дәріптеуге ерекше атсалысқан бір топ жас марапатталды. Сонымен бірге Президент «Таза Қазақстан» экофестиваліне арналған көрмені тамашалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев көрме экспозицияларын аралап көрді. Мұнда қоқыс өңдеу, өндірістік кәсіпорындар жобалары, табиғат тазалығы бойынша стартаптар, мектеп оқушыларының экологиялық бастамалары, сонымен қатар балалардың қоршаған орта тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстары қойылған.

 

Akorda.kz