Мәдениет

Тұңғыш инклюзивті кітаптың тұсауы кесілді

The final spritzer

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында биылғы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында ашылған «Kitap Time» оқырман клубының кезекті жиынында инклюзивті кітаптың тұсауы кесілді. Инклюзивті 4 форматтық кітапты облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы алғашқылардың бірі болып шығарып отыр.

Тараз қаласындағы Deshti club house коворкинг орталығында өткен оқырмандар жиынында Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты талқыланды. Жазушының ғұмырына шолу жасалып, оқырмандар хикаяттан алған әсерімен бөлісті.

Оқырмандардың жиынына қатысқан жасөспірімдер «Тазының өлімі» хикаяты туралы ойларын ортаға сала отырып, көркем әдебиет туралы да пікір алмасты. Бұл клубтың негізгі мақсаты да қазіргі әдеби үдеріске серпін беру, жастарға кітап арқылы ойлау, армандау көкжиегін дамыту, ғылым мен білімге деген қызығушылықтарын ояту болатын. Бір-бірінің әсерлі әңгімесін тыңдаған қатарластары өздері оқыған өзге әдеби туындылар туралы да пікірлерін айтысты.

Кітапхананы рухани құндылықтар сақталған интеллектуалды шығармашылық ортаға айналдыруды көздеген клуб өз жұмысын мақсатты жүргізіп келе жатқанына біз де көз жеткіздік. Бұл жұмыстың астарында жастардың кітап оқуға деген құштарлығын арттырумен кітапсүйер қауымның қатарын көбейте отырып, жасөспірімдердің бос уақыттарын мазмұнды өткізуге жаңашылдық іздеу мұраты да бар.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА