Жаңалықтар

Медицина бойынша қоғамдық кеңес құрылды

The final spritzer

Облыстағы медициналық қызметке тұрғындар тарапынан шағым көбейген. Тіпті, ана мен бала өлімі әлеуметтік желі арқылы барша жұртқа тарады. Денсаулық саласының қызметін саралап, жұмыс барысын бақылау үшін республикада алғаш болып Жамбыл облысында медицина саласы бойынша қоғамдық кеңес құрылды.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен кеңес отырысы өтті. Онда берешегі бар медициналық ұйымдар мәселесі және емшара (процедуралық) кабинеттері жұмысының заңдылығы қаралды. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаевтың айтуынша, биыл жыл басында 4 мекеме бойынша 1762,7 миллион теңге кредиторлық берешек қалыптасқан.

Бұл талқылауда вакцина салдырып, балаларды түрлі қауіпті аурулардан қорғауда ата-аналар да жауапты екені айтылды. Тек балалар емес, барлық адам өз денсаулығына алдымен өзі жауапты болуы керегі, салауатты өмір салтын сақтануға міндеттілігі де қозғалды. Мамандардың айтуынша, қазір сау баланың туылуы некен-саяқ, себебі аналардың денсаулығында ақау көп. Бұрын егде жастағыларда кездесетін қауіпті аурулар, диабет қазір балаларда болатыны, ол азаматтардың өз денсаулығына немқұрайлы қарағанының және балаларды сапасыз тағамдар мен сусындардан, тағы басқа да зиянды әрекеттерден тыймауының салдары екенін мамандар ашына жеткізді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан емдеу мекемелеріне төленетін қаржыға байланысты түйткілді жайттар да кеңесте қозғалып, емханаларда астыртын жасалатын қитұрқы істерді жасырын түсірген бейнероликтер көрсетілді. Онда емханаға келмеген науқастар қызмет алды деп тіркеліп, сол арқылы қаражат алу әрекеттері көрініс тапқан.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, бүгінде облыста 3 миллиард теңге төңірегінде қарыз бар. Оның 95 пайызын 5 медициналық ұйым құрайды. Мұндағы үлкен қарыз – Талас ауданынан 809 миллион теңге және Жамбыл ауданынан 555 миллион теңгені құрайды. Содан соң, Меркі ауданының 285 миллион теңге, Сарысу ауданының 168 миллион теңге берешегі бар. Ғайни Төленқызы Т.Рысқұлов ауданы да осы қатарға қосылып кетуі мүмкін екенін айтып, дәрі-дәрмекке қарызы барын, осыны мұқият бақылауда ұстау керектігін ескертті.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА