Желге ұшқан жемісті жоба, қараусыз қалған жетім бақ

Осыдан 8 жыл бұрын, яғни 2017 жылы Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылында шие бағы отырғызылған болатын. Соның артынша 2019 жылы осы ауылдан қарқынды алма бағы да құрылған. Шие мен алма бақтарының жұмысы басталғанда бәріміз де қуандық. Жобаның көздеген мақсаты да үлкен еді, бақ жұмысын жандандыра келіп, жеміс шырынын шығаратын цех ашу да жоспарланған. Облыс халқын таза жеміс және табиғи сусынмен қамтамасыз етумен қатар, жергілікті тұрғындарға кіріс көзі болар жұмыс орнын ашатын айтулы жоба еді. Әттең, бүгінде алма бағының жартысынан көбі, ал шие бағы түгелдей қурап қалды.
Көптің игілігіне негізделген ауқымды жобаның жарты жолда қалуына не себеп? Бұл бақтардың ендігі жайы не болмақ? Оған мемлекет тарапынан қандай да бір қаржы бөлініп пе еді, оның қайтарымы болды ма? Әрине, біз бұл сауалдарымызды алдымен облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына жолдадық.
Басқармадан келген жауап хатта: «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығымен бекітілген «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларының №13 «5 гектардан басталатын қарқынды алма бағын отырғызу» жоба паспорты аясында қарастырылған.
Бұл жоба паспортының инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 40 пайызды құрайды. 2021 жылы жоғарыда аталған жоба паспорты аясында Т.Рысқұлов ауданы бойынша 16 миллион теңге субсидия төленгендігін хабарлаймыз» делінген. Бақтың қазіргі күйін көріп, бұл мәселе туралы анығырақ білу үшін Құлан ауылына арнайы бардық. Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевтің айтуынша, 150 гектар қарқынды алма бағы «SV AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, ал 100 гектар шие бағы «ARNO AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі.
Бақтар алғашқы жылдарында жайқалып өсіп, мол жеміс бергенде ауыл тұрғындарын маусымдық жұмыспен қамтып, көп көмегі тиіпті. Сол жылдары аудан әкімдігі баққа жауапты серіктестіктерді мақтау қағаздарымен марапаттаған да, бірақ бүгінде ол бақтардан күй кеткен.
Игі жоспармен басталып, жемісті жылдарында тұрғындарға пайдасын тигізген екі бақ енді жойылмақшы. Соншама қаржы, қыруар еңбек салынған ауқымды істің жоқ болатыны жанға батады. Біз барғанда бақ басында тіпті қарауыл да жоқ. Тек биылғы еріген қардың суы қалған бассейні мен техникалары қаңырап тұр. Иесіз бақ, қураған ағаштар есіл кеткен еңбекті еске салып, жаныңды аяздай қариды екен.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы