Қоршаған ортаны қорғау - қастерлі парыз

Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне аса қажет, жер бетіне көрік берген адамзатқа ортақ құндылық. Халқымызда табиғат сөзі туған жер, атамекен ұғымдарымен қатар тұрады. Әрбір азамат табиғат алдында балаларына жастайынан өзін жауапты, өзен-көл жағалауларын таза ұстауды үйретуге тырысады. Президент бастамасымен өңір-өңірлерде жүйелі жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаты да осы.
Кеше осынау акция аясында облыс орталығындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында «Жасыл әлемді бірге құрайық!» атты экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, қала әкімі Бақытжан Орынбеков, білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков пен ұстаздар ұжымы және аталған мектептің 10-сынып оқушылары қатысты.
Сондай-ақ, ZOOM платформасы арқылы онлайн режимде 8 мектеп онлайн қосылды. Шара барысында ең әуелі сөз алған аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы өскелең ұрпаққа табиғат пен қоршаған ортаны қор ғаудың жолдарын ұғындыру, олардың экологиялық сауатын ашу – үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешілетінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі аға буын өкілдері табиғатты қорғауда, сақтауда және оны дұрыс пайдалануда ұрпақ пен тарих алдында жауапты.
Бұдан кейін 8-10-сыныптың оқушыларынан құралған бас-аяғы 200 бала бозарша, арша, шырша және қарағай тұқымдарынан жалпы саны бір мың дана дәнек екті. Соңында аймақ басшысы бұған дейін 7-10-сынып оқушыларының қатысуымен өткен «Мен Қазақстан экологиясын жақсартуға қандай үлес қосамын?» тақырыбындағы облыстық шығармалар конкурсының жеңімпаздарын марапаттады. Жалпы, бұл жарысқа барлығы 2 530 оқушы қатысқан. Оның ішінде 3 үздік шығарма иесі – Т.Рысқұлов ауданынан Нұрали Керімбек, Жуалы ауданынан Айдын Артықбай және Тараз қаласынан Заңғар Айтбай жеңімпаз атанды. Жас экологтарға «Jambyl Cement» компаниясы атынан велосипедтер табысталды.
Есен ӨТЕУЛІ