10 мыңнан астам жамбылдық оқушы ағаш тұқымдарын екті

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы Ш. Мұртаза атындағы №30 мектеп-гимназиясының оқушыларымен бірге «Жасыл әлемді бірге құрайық!» атты экологиялық акцияға қатысты, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Акцияның мақсаты – ағаш тұқымдарын егу және өсіру арқылы мектеп оқушыларының табиғатқа деген ықыласын оятып, қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Ербол Қарашөкеев оқушылармен бірге қылқан жапырақты ағаш тұқымдарын (бозарша, арша, шырша, қарағай) екті.
Балалар көктемде еккен ағаш тұқымдарын оқу жылының соңына дейін сыныптарында бақылап, күтіп-баптайды. Жазғы демалыс кезінде олар жас өскіндерді үйлеріне апарып, күтім жасауды жалғастырады. Күзде сол көшеттерді мектеп ауласына отырғызу жоспарлануда.
Облыс әкімі еккен ағаш тұқымдарының өсіп-өнуін бақылауды мектеп-гимназияның президенті Мерей Дәулеткерей өз жауапкершілігіне алды.
Шара барысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған «Мен Қазақстан экологиясын жақсартуға қандай үлес қосамын?» атты облыстық шығармалар байқауының марапаттау рәсімі өтті.
Байқауда 2 530 оқушы бақ сынап, оның ішінде 3 үздік шығарма иесі – Т. Рысқұлов ауданынан Нұрәли Керімбек, Жуалы ауданынан Айдын Артықбай және Тараз қаласынан Заңғар Айтбай жеңімпаз атанды.
Облыс әкімі жеңімпаздарға велосипед сертификаттарын табыстады.
Айта кетейік, Жамбыл облысында «Жасыл әлемді бірге құрайық!» акциясына 248 мектептің 10 375 оқушысы өз үлестерін қосты. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы білім бөлімдеріне ағаш тұқымдарын таратып, тұқым егу бойынша әдістемелік нұсқаулықтар ұсынды.