Бірлік пен татулықты бейнелеген көрме

Облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған облыстық «Менің әлемім» атты жас суретшілер мен қолөнершілер көрмесі өтті. Көрменің мақсаты – шығармашылық арқылы ұрпақтар арасындағы рухани байланыс пен ұлтаралық диалогқа ықпал ету болды.
Көрмеге Torri ART және «Мерей» шығармашылық студиясы мен «Вундеркинд» балаларды дамыту орталығының тәрбиеленушілері, сондай-ақ Тараз қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен А.С.Пушкин атындағы №40, №41 гимназияларының оқушылары және №42, №66 Тараз және Амангелді ауылы орта мектептерінің оқушылары өз шығармаларын ұсынды.
Бүгінгі таңда облыс аймағында 87 этнос, 21 этномәдени бірлестік өкілдері Ассамблея құрамында бірлік пен татулықта өмір сүріп жатыр. Осы орайда Достық үйінде іскерлік және мәдени іс-шаралар мен кездесулер, конференциялар және көрмелер жиі өтеді. Көрменің салтанатты ашылуында сөз алған облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева көрмеге қатысушы жас суретшілер мен қолөнершілерге облысымыздың мәдени өмірін дамытуға үлес қосып жатқандары үшін өз алғысын білдіріп, ұстаздар мен қатысушыларды мақтау қағазымен марапаттады.
Көрмеге 5-16 жас аралығындағы облысымыздың 130-дан аса жас суретшілер мен қолөнершілердің 200-ге жуық туындысы қойылған. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі балалардың еңбектерін де көруге болады.
Көрмеде сөз алған қаламыздың №40 гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі Татьяна Вотинцева өз сөзінде:
Расында көрмеге қойылған суреттер мен қолөнер шеберлерінің керемет бұйымдары арқылы тылсым табиғат пен түрлі ұлт өкілдерінің тұрмыс-тіршілігіне еніп, тынысын сезгендей болдық. Салтанатты жиын соңы көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаеваның қонақтарды көрме жұмысымен таныстыруымен тәмамдалды.
Арна ЖҰМАТАЙ
журналист