Дәрігердің үш қаруы бар

Медицина – жауапкершілігі өте үлкен мамандық және алғыс алудың, мол сауаптың ортасы десе де болады. Біреу мансабын ойлап қызмет қылар, біреу шын ниетпен Алланың разылығы үшін сауапты үміт етіп қызмет етер. Десек те, адамдардың жаны қиналып, ауруы асқынып келгенде, бар көмегін беріп, ауруын сейілтіп, жүзіне қуаныш сыйлаудың өзі де бір үлкен бақыт ғой, шіркін!
№8 қалалық емхананың акушер-гинекологы Бағила Байназарова тұрақты бір жерде табан аудармастан жұмыс істеп келе жатқан жан. Ол қыз-келіншектерге арналған алдын ала қарау бөлмесінің акушер-гинекологы. Бағила Сағымбекқызы 1965 жылы Талас ауданы, Қаратау қаласында дүниеге келген. Қаламыздағы Жамбыл медициналық жоғары колледжін тәмәмдап, бастапқыда қалалық перинаталдық орталықта жұмыс істепті. Одан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің психология мамандығын оқып шыққан. Ол 5-6 жасынан бастап дәрігер болуды армандапты.
Үш ұлдың анасы, үш немеренің әжесі атанған дәрігердің жұмыс өтілі отыз жылдан асыпты. Өте қарапайым жанның әр күні кабинетте қан сынамасын талдаумен, әйелдерді тексерумен, кеңес берумен өтеді.
Дәрігердің үш қаруы бар. Бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Шын жүректен шыққан жылы сөз, ауру адамға деген сүйіспеншілік сөзі – өте қажет. Бағила сөзі шипалы, қолы алтын дәрігер. Қыз-келіншектердің денсаулығын басты орынға қойып, тексеріп, ауруын анықтап, ем береді. Емделіп кетуіне жағдай жасайды. Шамасы, өмір заңы осындай болса керек. Ізгі ісіңнің өтеуі әрқашан да қайырлы. Себебі ізгі іс те аманат тәрізді.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА