Аймақ

Әділетті Қазақстанның тірегі – адал азаматтар

The final spritzer

БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕНІ ҚАТАР ДАМЫТУ - МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірдегі ғылым және білім саласының өкілдерімен кездесті.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің бас ғимаратында өткен алғашқы жиынды оқу орнының ректоры Мұхтар Байжұманов ашып беріп, жүргізіп отырды. Кездесуде алғашқы болып сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ Президент реформаларының аясында елімізде бірқатар оң өзгерістер орын алғандығын атап өтті.

Сондай-ақ ол Ұлттық құрылтайда көтерілген қоғамдық әдепті қалыптастыру, теріс діни ағымдардың спорт саласында етек жаюы, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев оқу ордасында жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде айтты.

Бұдан кейін Президент кеңесшісінің жұмыс сапары «Ұлы дала» шағынауданындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында пайдалануға берілген №67 мектепке барып, білім саласының өкілдерімен кездесуіне ұласты. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда білім саласына қатысты маңызды мәселелерді көтергеніне тоқталып, осы бағытта өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстармен қысқаша таныстырды.

Сондай-ақ «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында бірқатар іс шара жүзеге асырылғанын атап өтті.

Бұдан кейін №67 мектептің директоры Мұрат Тұрысбек пен №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева кәсіптік білім беру, білім саласын цифрландыру, заманауи цифрлық ресурстармен қамтамасыз ету жайында сөз қозғады. Өз кезегінде Президенттік стратегияның негізгі бағыттары экономиканы жаңғырту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету екендігіне баса мән беріп өткен Мәлік Нұржанұлы қоғамдық сананы қалыптастыруда ұстаздардың идеологиялық рөлі басым екендігін жеткізді.

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ТӘРТІП

Өңірге жұмыс сапары аясында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев құқық қорғау саласының өкілдерімен жүздесті. Басқосуда полицейлерге Мемлекет басшысының биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысының басым бағыттары түсіндірілді.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов те қатысқан жиында Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты – заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету екендігі баса айтылды. Жалпы, заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Демек, құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуі тиіс. Баршамыз бірігіп, ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Бұл – құқық қорғау саласының қызметкерлерінің ғана емес, барша халыққа ортақ міндет. Келелі кездесуде сөз сөйлеген ішкі істер органдары ардагерлер ұйымының төрағасы, сала ардагері Тұрдалы Шералиннің пікірі осыған саяды. Ол қоғам өміріндегі заң мен тәртіптің алатын орнына айрықша тоқталып, ел тұрақтылығының басты кепілі заң мен тәртіп екенін жеткізді.

Сонымен қатар, сала ардагері мемлекеттік органдарда қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтудің маңыздылығын да атап өтті. Ал, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді өз баяндамасында осы жылдың алғашқы тоқсанында облыс бойынша қандай қылмыс түрі өсіп, қайсысы бәсеңдегенін мәлім етті. Өз кезегінде Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы бұл кездесудің мәні Мемлекет басшысының саясатын, идеология бағытындағы негізгі қағидаттарды түсіндіру екенін тілге тиек етті.

Кездесу соңында мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда полицейлердің рөлі айрықша екенін айтқан Президент кеңесшісі жамбылдық тәртіп сақшыларының қиындығы мол қызметіне сәттілік тіледі.

ЕЛДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ – ӘСКЕРИ МІНДЕТ ҚАНА ЕМЕС, АЗАМАТТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде ерекше рөл атқаратын Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының №5513 әскери бөлімінің жеке құрамымен кездесті.

Сарбаздармен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, әскери бөлім командирі, полковник Ғазиз Кәдірбек, «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының жетекшісі Қасымхан Төлендиев, Ауған соғысының ардагері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Мәлік Отарбаев өз сөзінде Президент тапсырмаларын орындау бағытында жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға тоқталып, ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылықты сақтауда әскери құрылымдардың атқарып отырған маңызды қызметін ерекше атап өтті. Ол әскери қызметкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шараларын айтып, олардың ел алдындағы борышы – тек әскери міндет қана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілік екенін тілге тиек етті.

Жиын барысында Мәлік Нұржанұлы әскери бөлімнің жеке құрамымен ашық форматта пікір алмасты. Жас сарбаздар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ел дамуындағы өздерінің рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, кездесуде патриоттық тәрбие, ұлттық рухты көтеру, жастардың бойына елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті сіңіру жайлы да сөз қозғалды.

Ауған соғысының ардагері Дүкенбай Ермеков өз естеліктерімен бөлісіп, жас буынды елге адал қызмет етуге, темірдей тәртіпке және батырлыққа үндеді. Ал, аталған «Жаңару» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қасымхан Төлендиев жемқорлыққа қарсы күрес және ашық қоғам құру жолындағы жұмыстарға тоқталып өтті. Жүздесу соңында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев әскери қызметкерлерге сәттілік тілеп, мемлекеттің болашағы жолында бірлесе еңбек етуге шақырды. Өз кезегінде сарбаздар мен офицерлер Президент тапсырмаларын орындауға әрқашан дайын екендіктерін білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғыстарын жеткізді.

Осыдан кейін Президент кеңесшісі аймақтағы ірі өндіріс ошағы «Қазфосфагипс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев зауыттың бүгінгі қуатымен таныстырды. Серіктестік басшылығы да өндіріс көлемін арттыру бағытында қолға алынған ауқымды жобаларын сөз етіп, таныстырып өтті. Ал Тараз қаласының ардагері, «Қазфосфат» ЖШС басшысының кеңесшісі Батырбек Құлекеев зауыттың өткені мен бүгініне тоқталып, зауытқа билік тарапынан үлкен қолдау керек екенін жеткізді. Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз кезегінде зауыт қызметкерлерімен кездесіп, елдегі ынтымақ пен бірлікті сақтай отырып, жұмыс қуатын арттыруды тапсырды.

 

Нұрболат АМАНБЕК,

Есен ӨТЕУЛІ,

Марат ҚҰЛИБАЕВ