Мәлік Отарбаев «Қазфосфат» кәсіпорны жұмысшыларымен кездесті

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірдегі ең ірі кәсіпорынның бірі – «Қазфосфат» зауытының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Жиынды жүргізген облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов химия өнеркәсібінің флагманы саналатын алпауыт кәсіпорынның экономикалық көрсеткіштерін, жаңашыл инновациялық тәсілдерін атап өтті.
Серік Жақсылықұлыны айтуынша, жалпы химия саласы өнімінің 20 пайыздан астамы Жамбыл жерінде өндіріледі.
Сондай-ақ, аталмыш кәсіпорынның жұмыс үдерісі мен алға қойған межелі мақсатттары туралы, жалпы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында серіктестік тарапынан қатардағы мамандарға көрсетіліп жатқан қамқорлықтар жайлы зауыттың Кәсіподақ кеңесінің төрайымы Юлия Фролова кеңінен баяндады.
Келесі кезекте сөз алған «Қазфосфат» ЖШС Бас директорының кеңесшісі Батырбек Құлекеев Тараз қаласында жуырда ғана ашылған Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің құрылуына қомақты қаржылай қолдау білдірген осы зауыт екенін атап өтті.
Мұнымен қоса, Батырбек Әбдірасілұлы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында туындайтын ұлттық құндылықтар туралы да тұщымды сөз қозғап, ұтымды ұсыныс-пікірін ортаға салды.
Іс-шараның қорытынды сөзін Мемлекет басшысының сенімді өкілі Мәлік Нұржанұлы түйіндеді.
Ұлттық құрылтайда айтылған басты бағыттардың бәріне кеңінен тоқталған ол, көпшілікті елдің татулығына, мызғымас бірлігіне сызат түсіруге күш салатын көлеңкелі топтардың айтағына ермеуге шақырды.