Жаңалықтар

Ел есіндегі Орынбек

Ел есіндегі Орынбек

«...Орынбек қолға алған ісін бітіргенше жаны жай таппайтын. Ойлап қарасақ, ажал да, Алланың аманатын қайтару да соңғы, ең ақырғы тындырар ісің сияқты екен-ау. Ол соңғы аманатын орындайтын күнге ерте жететінін біліп, өмір жолындағы сансыз өзге борыштарын өтеп үлгеру үшін үнемі ат үстінде болуды қалады ма екен? Екінің бірі келіп жатқан тойлы жасқа – алпысқа да келе алмай, сол ат үстінде көз жұмды-ау ақыры». Ақын, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері марқұм Жақсылық Сәтібеков 1999 жылы «Ақ жол» газетінде басылған «Алысқа тартқан арна» атты көлемді мақаласында кезінде ірі құрылыс мекемесін, іргелі шаруашылықты басқарып, оны озаттар қатарына қосқан іскер басшы, парасатты азамат Орынбек Тілеубаев жайлы осылай тебіренген екен. Жақында осы Орынбек Тілеубаев жайлы сыр шерткен естелік-мақалалар мен атпал азаматтың өз жазғандары жинақталып, оқырманы қызығып оқитындай тәуір кітап болып басылып шықты. Кітапты белгілі журналист, газетіміздің ардагері Тұрсынхан Толқынбаев құрастырған.

Аумалы-төкпелі заманда ащы да болса ақиқаттан алшақтамай, шындық жолында шырғалаң саясатпен күрескені кітапта нақты деректермен баяндалады. Колбинге болысқан кейбір жандайшаптар тарапынан жалаға да ұшырап, кейін азаматтық арымен өзінің ақ екенін дәлелдеп те бере алғаны осы жинақта айтылады. Кітаптағы алғысөз орнына жазылған шағын ғана үзік сырда ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, облыстың Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосын партия тарапынан жазықсыз жалаға ұшыраған білікті басшыны облыстық газеттің кейін қалай ақтап алғанын, оның одан кейінгі еңбек жолының жемісті болғаны жайлы әдемі жеткізген. Оны жазалауға сүйреп, қудалауды ұйымдастырушы азамат кейін өзі қызметінен кетіріліп, ал намысқа тырысқан О.Тілеубаев болса, туған ауылына аттанып, ондағы А.Суханбаев атындағы ұжымшар төрағасы болып, екі-ақ жылдың ішінде өзін іскер де білгір басшы, ұтымды ұйымдастырушы екенін көрсете алған. Кемеліне келіп үлгермеген қысқа ғұмырында Орынбек Тілеубаевтың Үкіметтің жоғары наградаларына ие бола алған, ел алдында беделі бар азамат жайлы алғысөзді жазушы А.Бекбосын «Өмірі осындай өнегелі Орынбектің есімін, атқарған істерін елі есінен шығармай, қадірлесе, көшеге атын беріп, артында қалған жары мен ұрпақтары өмір жолына арналған кітап шығарса, бұл азамат атын ардақтаудың үлгісі болып табылады», деп түйіндейді. Алты бөлімнен тұратын кітаптың әр бөлімі кейіпкердің азаматтығының әр қырына арналғандай. Алғашқы бөлімі оның өнегелі ғұмыры жайлы суреттесе, екінші-үшінші бөлімдері Орынбектің өр тұлғасын сипаттап, еліне сіңген еңбегін шежірелеп береді. Орынбектің қаламынан туған дүниелері төртінші бөлімге топтастырылса, бес пен алты – оның «Естен кетпес бейнесі» мен «Жылдар, жылдар» атты фотошежіресі. Кітапқа О.Тілеубаевтың жары Роза Айтжанова, сонымен қатар Т.Толқынбаев, Д.Тілеубаев, Э.Орынбеккеліні, А.Тілеубаева, З.Нұрғожаев, Қ.Зияш, Ш.Дәуітов, М.Сапаралиев, Х.Бейсеев және басқа да бірқатар азаматтардың естеліктері енген.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».