Әлеумет

Жексенбіде жер сілкінді

The final spritzer

Төтенше жағдайлар министрлігі «Сейсмологиялык зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сейсмикалық станциялар желісі 13 сәуір күні Астана уақытымен сағат 9-дан 23 минут өткенде жер сілкінісін тіркеді.

Жер сілкінісінің эпицентрі Тәжікстан аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 673 километр жерде орналасқан. Есеп бойынша, жер сілкінісі Қазақстанның оңтүстік аймақтарында, соның ішінде Жамбыл облысының кейбір елді мекендерінде сезілді. Атап айтсақ, Тараз қаласында 3 балл, Қаратау, Шу, Жаңатас қалаларында, Құлан, Меркі, Сарыкемер, Аса, Қордай, Төле би, Мойынқұм ауылдарында 2 балдық жер сілкінісі сезілген.

Жарияланған мәлімет бойынша, қираған ғимараттар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ. Кейінгі уақытта елімізде жер дүмпулері оқтын-оқтын орын алып отырғанына байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындардан жер сілкінісі кезінде мынадай қарапайым ережелерді сақтауды сұрайды:

– жер дүмпуі сезілгенде сабырлық сақтаңыз, үрейленбеңіз;

– жер сілкіну кезінде лифті мен баспалдақты қолданбаңыз;

– жиhаздан, терезеден, аспашамдардан ары тұрыңыз;

– жасырынатын жер табыңыз – егер сіз жоғарғы қабаттарда болсаңыз, мықты қабырғалардың бұрышына орналасыңыз;

– ғимараттан шығыңыз (төменгі қабаттарда), ал көп қабатты үйлерден жер сілкісі аяқталған соң шыққан жөн;

– кетер алдында суды, газды және электр қуатын мүмкіндігіңізше өшіріңіз;

– дабыл жол сандығын алыңыз (алдын ала дайындау қажет);

– электр желілерінен, ғимарат, ағаштардан аулақ болыңыз;

– жер сілкінісінің қайталануына дайын болыңыз;

– қарттарға, балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіңіз.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП