Экономика

Тауық өсіріп, табысқа кенелген

The final spritzer

Тауық базары жексенбіде жанданып сала береді. Бізде жексенбіні «базар» деп айтатын болғандықтан, сол күні тауық базарға соқпай кете алмайсың. Шағын есіктен енген бойда қара келіншектің алдындағы алуан үй құстарының балапандары еріксіз назар аудартады. Оның алдына жайып қойған, темір тор сеткіге салынған қаз, үйрек, тауық пен үндіктің балапандары жанарыңды өзіне баурап алады.

Бұл кәсіппен Айнагүл Ахмадбекованың айналысып келе жатқанына да ширек ғасырдан асты. Бүгінде ол жеке кәсіпкер. Б.Момышұлы ауылындағы шағын үй іргесіндегі қоражайда құс өсірумен айналысып, ұзақ жылдан бері ауыл тұрғындарын құс етімен қамтамасыз етіп келеді. Тараз қаласында ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге де қатысып тұрады. Айнагүлдің айтуынша, тоқсаныншы жылдары отбасымен базар жағалап, саудамен де айналысып көріпті.

Дегенмен, саудада табыс тұрақты болмайды, бірде олай, бірде былай. Сондықтан ол тұрақты бір кәсіптің көзін табуға әрекеттенеді. Таңдауы үй құстарын өсіріп, сатуға түседі. Құстың бабын келтіруді енесі Мәриядан үйренген еді. Телефон операторы болып істейтін енесі балапан аштырып, тауық қылып өсіретін. Балапанды жылы жерде ұстап, жас баладай мәпелеп күтетін. Айнагүл бұл кәсіпті 40 күркетауықтан бастап, одан балапан аштырып шығарады. Балапандарды бір-екі апта енесінің бауырына салып, буынын қатайтып алғаннан кейін, базарға шығаратын болды. Балапанның ашып шыққан уақытына қарай, бағалары да әртүрлі болып белгіленеді. Біраз жыл осылай жұмыс істеді. Ал аяққа тұрғаннан кейін қаз-үйректер, етті бройлер тауықтарын асырауға көшті.

Кәсіпкер құстарды әбден өсіріп, дене тұрқы ірі болғанда, сойып сататын. Үй іргесінен құсқа арнап жылы қоражай салып, құс санын 2 мыңға дейін жеткізді. Үй жағдайында құс өсіруді әбден меңгеріп алғаннан кейін Айнагүл енді кәсібін кеңейтуді ниет еткен еді. Осы мақсатпен ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бастау Бизнес» курсында білімін жетілдіріп, кәсіп жүргізудің қыры мен сырын үйреніп шықты. Курс нәтижесінде қайтарымсыз грантқа ие болып, балапан басып шығаратын инкубациялық аппарат сатып алды.

Кәсіпкер нарықтағы жағдайды, құстардың, жем-шөп пен азықтардың бағасын тұрақты назарда ұстап отырады. Құстардың артығын балапандай базарға шығарып, өткеріп отырады. Тіптен тапсырыс болып жатса, сойып, қалаға да жөнелтіп жатады. Тауықтың қауырсынын жұлуға жұмыссыз отырған қыз-келіншектерді тартуда. Айнагүл ауыл сыртынан жер алып, шағын құс фермасын салуға бел буған. Өткен жылы ол екінші деңгейлі қаржы ұйымдарынан 3 миллион теңге несие алып, шағын құс фермасының іргетасын қалап та қойды. Жаңа құс фабрикасына апаратын жолға жергілікті аудан басшылығы шағал тас төсеп, жол салып берген.

Бастаған ісін аяғына дейін апару кәсіпкердің басты мақсаты. Асырай білгенге құсты да табыс көзіне айналдыруға болатынын ол еңбегімен дәлелдей білді. Енді қолға алған құс фабрикасын биыл салып бітіп, кәсібін дөңгелетеріне ол сенімді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ