Өз ісінің шебері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан, біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруы тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деп атап өтті.
Президент айтқандай, өзінің адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамның бірі – Талғат Бахтияров. Ол Тараз қаласының білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығында электрик болып жұмыс істейді. Талғат Дүйсенбіұлының бұл саладағы еңбек өтілі 43 жылды құрайды.
Оның бұл мекемеде жұмыс істеп келе жатқанына жиырма жылға жуықтап қалыпты. Өзінің айтуынша, 1982 жылы «Жамбыл химиялық-механикалық техникумын» электрик монтер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын осы жылы «Завчасть» зауытында электрик-слесарь болып бастаған.
Бұл мамандықта техникалық қауіпсіздікті сақтау маңызды. Ол сақталмаса өмірге қауіп төнуі мүмкін.
Оның айтуынша, электр маманына бүгінде бәрі тәуелді. Тіпті өндіріс ошақтарының қуат көзіне деген тәуелділігі біз ойлағаннан да жоғары. Осыдан-ақ олардың қаншалықты сұраныстағы мамандық екендігін бағамдай беріңіз. Бірақ сұраныстағы мамандықтың бүгінде жалақысы төмендігі қынжылтады. Бұдан кейін бірнеше мекемеде электрик болып жұмыс істеген ол барлық мекемеде сыйлы болыпты. Әріптестері де, ұжым да оның іскерлігін жоғары бағалап келген. Мәселен, аталған техникалық шығармашылық орталықтың директоры Марат Кенжебекұлы да оның мақтауын жеткізді.
Ал қарапайым еңбек адамы Талғат Бахтияров әрдайым білгенімен бөлісіп келеді. Оның көптеген адамдарға көмегі де тиіпті.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы