Экономика

Сусын өндірісіне сұраныс артуда

The final spritzer

Еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың барлығы да ел экономикасының әлеуетін арттыруға жұмылдырылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, шетелдік инвестиция тарту арқылы отандық кәсіпорын қуатын арттыруды тапсырып отыр. «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатындай жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажет», – деді Президент.

Президент тапсырмасына сәйкес Тараз қаласында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жобалар «Даму» қорының өңірлік филиалы арқылы табысты жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалының директоры Бақытжан Исаковтың айтуынша, бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бастап өңірде «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» аясында 4769, «Кепілдендіру» құралы бойынша 4371 жобаға «Даму» қоры кепіл болған. Оның ішінде өткен жылы «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралы бойынша 540 жоба, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 537 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» Кәсібің – нәсібің бағдарламасы аясында 3 жоба, «Кепілдендіру» құралы бойынша 500 жобаға кепілдік берілген екен. Қордың қолдауы аясында Тараз қаласында жұмыс істеп тұрған өндіріс ошағының бірі – «BDA trade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серкітестік алкогольсіз сусындар өндірумен айналысады. Оның жұмыс істеп тұрғанына да көп болған жоқ.

Дегенмен, жұмысын бастаған төрт бес жылдың көлемінде өндіріс көлемін еселей арттырған. Компания жетекшісі Ілімдар Тұрановтың айтуынша, серіктестік минералды су мен лимонадтарды шығарумен айналысады. Тауарын көтерме және бөлшек сауда орталықтарында өткереді. Серіктестік 2022 жылы «Халық Банкі» акционерлік қоғамынан айналым қаражатын толықтыру үшін 19,5 пайызбен несие рәсімдеген. Сөйтіп бүгінгі таңда өндіріс көлемін артырып отыр.

Серіктестіктің бас директорының көмекшісі Салим Шадимановтың айтуынша, кәсіпорын қазіргі таңда минералды газдалған сусын және газдалған лимонад өндіруде. Цехта екі бригадир, алты жұмысшы және бас технолог жұмыс істейді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы