Тұғырың биік болсын, «TEKTURMAS»!

Қасиетті Әулиеата жерінің ұлт тарихында ғана емес, халықтың руханияты мен әдебиетінде де қолтаңбасы айшықты. Жыр алыбының есімін иеленген өңірде бүгінде қалам ұстаған қауымға кең көлемде қолдау көрсетіліп келеді. Бұл игі бастама биыл «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында да өз жалғасын табуда. Аймақ басшысының бастамасымен облыстың ақпарат айдыны «Aulieata-media» серіктестігіне қарасты «Tekturmas» республикалық журналымен толыққаны соның айқын дәлелінің бірі.
Өткен мен бүгінді жалғап, тағылым мен тарихтың темірқазығына баланған Тараздан еліміздің түкпір-түкпіріне тарайтын жаңа журнал ғылым мен білім, әдебиет пен мәдениет, тарих пен өркениет тақырыптарына құлаш сермейді. Сол арқылы ел ішіндегі ақын жазушыларды, зерттеушілер мен ғалымдарды бір ортаға тоғыстырып, ұрпақ бойына ұлттық тәрбиенің негізін қалыптастыруды көздейді. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен журналдың тұсаукесер жиынына Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов пен өңірдің бірқатар зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысып, орамды ойларын ортаға салды.
Басқосуда өңір басшысының орынбасары Серік Жақсылықұлы қазақтың бай тарихы мен рухани мұрасын дәріптеу жолында жарық көріп отырған «Tekturmas» журналының мән-маңызына кеңірек тоқталды.
Сонымен қатар іс-шара барысында сөз алған «Aulieata ғылыми жобалар кең көлемде media» серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы «Tekturmas» журналының бағыт-бағдары мен басты басымдықтарын атап, медиахолдингтің толайым шығармашылық табысы туралы баяндады.
Келесі кезекте Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы Пернебай Дүйсенбин Жамбыл өңірінің шежірелі аймақ екендігін атап өтіп, мұндағы саяси маңызы бар тарихи оқиғаларға баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, драматург Елен Әлімжан мерзімді басылымның көпсалалы болуына байланысты шығармашылық ұжымның тарихшы ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс атқару керектігін айтып ұсыныс білдірді.
Рухани басқосудың негізгі бөлімінде жаңа журналдың тұсауын салтанатты түрде Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен драматург Елен Әбдуатұлы және жазушы Пернебай Дүйсенбин кесті. Салтанатты рәсімнен соң – Талайғы тарихтың куәсі болған Талас өңірі ұлттық діңгегіміздің алтын қазығы екені анық. Екі мың жылдан астам уақыт аралығында Талас аумағында елдігіміздің құндылықтары болған төл тарихымыз, мәдениетіміз бен өркениетіміз қалыптасты. Ежелгі заманда дін мен ділдің, тарих пен тағылымның, сауда мен қолөнердің орталығы болған Жамбыл облысы қайнаған тіршіліктің ортасына айналып келеді. Осынау қасиетті де киелі мекенге жұмыс сапарымен келіп отырып, ел Президентінің арнайы сәлемін жеткізгім келеді. Өздеріңізге белгілі, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы ғылымға көңіл бөлу басым бағыттардың бірі болып қала беретіндігін жеткізді. Осы бағытта жастарды ғылымға бейімдеу мақсатында барлық деңгейдегі оқу орындарында қаржыландырылып келеді.
Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті 5 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болып отыр. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Мұның бәрі де Президенттің Ұлттық құрылтайда айтқан «Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы аясында жүзеге асуда. Сондықтан Мемлекет басшысы ел ішіндегі ғылыми бағыттағы бастамаларға баса мән беріп отыр, – деген Мәлік Нұржанұлы жаңа журналдың ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Еске сала кетейік, жуырда ғана аталған мерзімді басылымның бас редакторы болып журналист Маржан Рақай тағайындалған болатын. Қазақ және орыс тілдерінде тағылымды тарихи дүниелерді насихаттауды мақсат еткен «Tekturmas» журналы айына бір мәрте оқырманға жол тартатын болады.
Нұрболат АМАНБЕК