Әдебиет

Шәмші әндерін шырқаған жас таланттар

The final spritzer

Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай «Әнім сен едің» атты байқау өтті. Аталған ән сайысына университет, колледж, мектептерде оқитын 18-35 жас аралығындағы он үміткер қатысты.

Шәмшінің сырлы да сезімді әндеріне арналған байқауға М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің доценті Баян Көшербайқызы, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Азамат Әлмерек, әнші-композитор Көпшіл Ертаев қазылық жасады. Ал, үміткерлерге Шәмшінің бір әнін және еркін бір ән орындау талабы қойылды.

Өнерпаздар Шәмші әндерінің иірімдерін барынша түсінуге, орындаған шығармаларын көпшілікке айқын жеткізуге күш салды. Бибінұр Бердібек орындаған «Мұңайма», Ербол Болат шырқаған «Әнім сен едің», Аяулым Ермекқызы орындаған «Өмір – өзен» әндерін көпшілік үлкен ынтамен тыңдады. Ал, музыка мамандығында оқып жүрген, өмірін ән әлеміне арнаған бірқатар таланттардың өнері ортадан дараланып, тайға таңба басқандай көрініп тұрды. Олар орындаған әнге жиналған көпшілік қосылып, бірге шырқап отырды.

Себебі, Шәмшінің екі-үш әнін білмейтін қазақ жоқ шығар. Қазылар алқасының шешімімен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің студенті Мадина Бекмұрзаева байқаудың жеңімпазы атанды. Тараздық Нұрайлым Әбілда жүлделі екінші, Ақерке Нигмат үшінші орынға ие болды. Нұрайлым мен Ақерке де М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің студенттері. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Есет ДОСАЛЫ