Балуан Шолақ құрамасы - облыс чемпионы

Көкпар – көшпелілердің байырғы заманнан бері келе жатқан ғұрыптық-жауынгерлік ойын өнері. Аталмыш ойынның шығу төркіні жайлы зерттеушілер: «Қазіргі көкпар тарту әуелде әлеуметтік мәні бар әскери машықтың қажетінен туған. Түркі қағандығы кезінде «дербес жасақты» осындай жаттығудан өтіп, сыналған жауынгерлерден жасақтаған. Әскери машықтың бұл түрі бейбіт күндерде көкпар тарту ойынына ұласып отырған», – дейді. Шүкір, құс қанаты талатын ұлан-байтақ даламызды бұл күнде тұлпарлар тұяғы дүбірлетуде. Қадым заманнан бері іргедегі елдер қазақ атқа қонса тіксінетін. Бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан ел жасағын ертіп, шашақты найзасын қолына ұстап, тыныш күнде түрен салмасы анық. Бұл – бабатанымның басты кредосы. Сағадан сап етіп, жағадан алғанша қасам ішіп, қару ұмсынбас. Ол – қаһарман елдің қағидасы. Ал өмілдірігін үзердей алқынған аттар мен үзеңгісіне шірене отырып қиқуға қиқу қосқан қазақ азаматтарының бұл шабысы бөлек. Бұл – неше мыңжылдықтан бері жалғасқан ұлттық ойын – көкпарды білекті де жүректі жігіттердің тартқан сәтінің көрінісі.
Бірер күн бұрын әулиеаталық жұртшылық осынау ұлттық ойыннан өткен турнирдің куәсі болды. Тараз қаласында өткен Үсіпәлі Әбілқайырдың 100 жылдығына арналған облыстық чемпионатта Шу ауданы Балуан Шолақ ауылдық округінің құрама командасы атой салып, бірінші орынды иеленді. Көкпар дегенде көңілі алабөтен шулық ағайын бұл жетістікке арқаланып қалғаны ақиқат. Себебі, дәл осы ауылда алдыңғы буын өкілдері негізін қалаған көкпар мектебі бар.
Осылайша, дүйім жұрттың абыройын асырған жеңімпаздарды ауылдастары зор қошеметпен қарсы алды. Олардың арасында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков те бар. Ауыл ақсақалдарының ақ тілеуіне қосылған аудан басшысы чемпион көкпаршыларды жеңістерімен құттықтап, өңірдің ұлттық спорты бір жасап қалғанын жеткізді.
Мұнан соң, шараға арнайы шақырылған көкпардан бапкер, есімі елге белгілі Нұрдәулет Момынов та сөз алып, шулық шабандоздардың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Айта кетейік, әрбір етіктің құны –100 мың теңге көлемінде. Бұдан кейін мейманына ықыласы ерекше ауыл тұрғындары мен атпал азаматтары Нұрдәулеттей тақымы бөлек азаматқа тұлпар сыйлап, иығына шапан жауып құрмет көрсетті. Атап өтерлігі, өз ауылының жігіттерін жігерлендіріп жүрген жастың бірі – Данияр Төкен. Ол ауылдың құрама командасына жетекшілік етіп, жарыстарға қатысуына мұрындық болып келеді. Әрі ұдайы жаттығу жасауға түрткі болып, командалық күштің сақталуын өз бақылауына алған.
Жиын соңында «Әулиеата» көкпар командасын жаттықтыратын Нұрдәулет Нәбиұлы жеңімпаз 8 жігітті аталмыш команданың базасында дайындап, республикалық жарыстарға жетелеуге уәде берді. Сондай-ақ, келешекте бұл жігіттер облыстық құраманың белді шабандозына айналуы әбден мүмкін.
Есен ӨТЕУЛІ
Шу ауданы