Экономика

Жаңарту шараларын қолға алмаған базарлар жұмысын тоқтатады

The final spritzer

Еліміздің барлық өңірінде әмбебап базарлар жаңарып әрі жаңғырып жатыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жоба 2025 жылға дейін жалғасады. Осы тұрғыда қаламыздағы жасарған, жаңарған базарларды барып көрдік.

Ретсіз әрі заңсыз саудамен күрес, базарларды модернизациялау, санитарлық ахуалды жақсарту – бүгінгі күннің талабы. Осы мақсатта Сауда және интеграция министрлігі базарларды жаңғырту жөнінде Жол картасын әзірлеген. Облыс, қала әкімдіктерінде де осы мәселе күн тәртібінен түскен емес. Базарларды кәсіпкерлердің жұмысына тосқауыл келтірмей көркейту базар басшыларына да, саудагерлерге де, халыққа да тиімді. Облысымызда сауда базарларын жаңарту жұмыстары жол картасына сәйкес жүргізілуде.

Облыс бойынша сауда базарларында модернизация жұмыстарының аяқталу мерзімі 2026 жылға дейін жоспарланған. Барлық базар қызметі негізінен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылдың 5 ақпанындағы №131 Қаулысымен бекітілген «Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру» қағидалары шеңберінде реттеледі.

Жалпы, сауда орындарында кәсіпкерлікті заң талаптарына сәйкес жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылдың 15 ші наурызында облыс әкімінің орынбасарымен «Жамбыл облысындағы базарлар мен өзге де сауда орындарын қолданыстағы заңнама талаптарына сай келтіру бойынша кешенді іс шара жоспары» бекітілген.

2022-2023 жылдары қаладағы 3 сауда базары мен 1 сауда орталығында модернизация жұмыстары жүргізіліп, 2 сауда базары және 1 сауда орталығы толықтай модернизациядан өтіпті. Олар – «Доснар» сауда орталығы, «Нұралы» және «Ақсай» базарлары. Бұл жайында қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бексұлтан Нұрғалиевпен сөйлестік.

2026 жылға дейін модернизация жұмыстары жүргізілмеген жағдайда бөлім мамандарымен базарлардың қызмет көрсетуі тоқтатылатындығы туралы базар басшыларына ескертілген екен. Сол себепті жаңғыртудан өтуі тиіс базарлар қарап жатпай әрекет етуде. «Әрекетке берекет» демекші, жаңарған базарлар да өз жемісін көруде. Бұрындары балығы мен көкөнісі бір жерде саудаланатын, ретсіз сауда жасалатын «Нұралы» базары бүгінде құлпырып тұр. Адам танымастай өзгерген. Ұсқыны кіріп, реттеліп, төбесі жабылып, сәні кірген. Мұны базар басшылығы да құптап отыр. Себебі, жол картасы аясында көрсетілген нұсқаулық бойынша ең бірінші болып «Нұралы» базары жаңғыртуға көшкен.

Шаһарымыздағы барлық базар талапқа сай деп айта алмаймыз. Мәселен «Қаратау» шағынауданындағы базардың сырты да, іші де құжынап тұр. Жабайы сауданың төресі сол жерде. «Ақбұлақ» шағынауданындағы «Тұмар» сауда үйінен басталатын жайма базар «Қаратау» 42-де орналасқан мамандандырылған №2 өрт сөндіру орталығына дейін жалғасады. Төбесі жабық арнайы базардың жан-жағы қаптаған жабайы базар. Көкөніс те, жеміс-жидек те, ұсақ түйек те бәрін табасыз.

Қала басшылығы базарларды модернизациялаудың бірқатар нақты шарттарын да белгілеген. Яғни, кез келген сауда орындарында стационарлық нысан міндетті түрде салынуы шарт. Оған қоса обьктілердің барлығы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келуі тиіс. Базар маңында тұтынушылар үшін барынша қолайлы көлік тұрақтарының болуы да міндеттеледі. Ең бастысы еліміздің салық заңдылығының қатаң сақталуы мен кәсіпкерлердің арнайы тіркеуден өтуі жіті қадағаланады. Сондай-ақ, сауда алаңдары аумағында POS-терминалдар мен кассалық аппараттардың болғаны жөн. Ал жоғарыда айтқан жайма базарлар мұндай талаптарды сақтамайды.

Бүгінгі күні базар басшылары мен саудагерлер, кәсіпкерлік басқармасы тарапынан да келіспеушіліктер бар. Базарларды жаңғырту ісі кейде біз ойлағандай қамсыз өтпейді. Бұл ойымызды «Ауыл Береке» базарының басшысы Талғат Дүйсенов қуаттады.

Базарларды жаңғырту базар басшылығының, яғни кәсіпкердің есебінен жүргізіледі. Жаңарып жасару үшін қомақты инвестиция қажет. Біз жолыққан базар басшылары солай деп отыр. Орасан қаражатты қажет етсе де Тараздың базарлары күн санап ажарланып келеді. Осылайша шаһарымызда сауда орындарын қауіпсіздік пен санитарлық норманың барлық талаптарына сай келетіндей етіп, жаңа форматқа көшіру жұмыстары кең қарқын алуда.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА