Күре жолдың бойын тазалауға күш саламыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында еліміздің белді басылымдарының бірі – «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатында «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады. Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргеніне тәнтімін» деп атап өткеніндей, акция басталған сәттен-ақ облыс тұрғындары оған өз үлестерін барынша қосып, бұл үрдіс әлі күнге жалғасын тауып келеді. Мәселен, Amanat партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына Тараз қаласының тұрғындары белсене қатысты.
Партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уалихан Болатбектің айтуынша, өңірде биылдан бастап тазалық акциясының тұжырымдамасы өзгертіліп, жаңаша бағытта қарқын алып отыр.
Сөйтіп экологиялық акция аясындағы тазалық челленджін Байзақ ауданынан қабылдап алған жамбылдықтар Тараз-Аса аралығындағы күре жолдың бойын тазартып тастады. Бұл іс-шараға партия облыстық филиалы және Жамбыл аудандық филиалының қызметкелері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері атсалысты.
Осылайша, 100-ге жуық аманаттықтар 3 километрге жуық жол бойын тазартып қана қоймай, қураған тал-дарақтарды ретке келтірді. Ол іс-шараға белсенді атсалысқан партия Жамбыл аудандық филиалы тазалық шарасын Жуалы ауданына жолдады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ